Қазақстан көлік саласындағы деректерді біріктіріп, жасанды интеллект көмегімен жүк тасымалындағы ықтимал кідірістерді алдын ала болжауды көздейді. Бұл инфрақұрылымды тиімді пайдалануға, тәуекелдерге уақытылы әрекет етуге және тасымал үдерістерін оңтайландыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Қазақстанның көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов «NEW SILK WAY» VIII халықаралық бизнес-форумы аясындағы стратегиялық сессияда мәлімдеді.
Оның айтуынша, осы бағыттағы негізгі құралдардың бірі – Smart Data Transport салалық деректер платформасы. Қазір оған көлік саласындағы бірқатар ақпараттық жүйе қосылған. Жаңа дереккөздерді интеграциялау жұмыстары жалғасып жатыр.
Платформада жинақталған деректерді жасанды интеллект арқылы талдау тасымалды басқару жөнінде тиімді шешім қабылдауға көмектеседі. Атап айтқанда, технология ықтимал кідірістерді алдын ала болжауға, инфрақұрылымды ұтымды пайдалануға және тәуекелдерге дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді.
Жасанды интеллект деректер ағынын нақты шешімдерге айналдырады. Ол кідірістерді олар туындамай тұрып болжауға, инфрақұрылымды ұтымды пайдалануға және тәуекелдерге уақытылы әрекет етуге көмектеседі, – деді Жәнібек Тайжанов.
Вице-министр цифрлық технологияларды енгізуде нақты нәтижеге қол жеткізу маңызды екенін атап өтті. Оның пікірінше, әрбір жоба тасымалдаушыларға, жолаушыларға және мемлекетке өлшенетін пайда әкелуге тиіс.
Технологияны технология үшін емес, нәтиже үшін енгізу керек, – деді ол.
Қазақстан халықаралық көлік дәліздерінің тиімділігін арттыру үшін цифрлық шешімдерді нақты тасымал бағыттарында сынақтан өткізуге және олардың нәтижелерін бағалауға басымдық беріп отыр.
Айта кетейік, Астанада Қазақстанның Көлік апталығы аясында «NEW SILK WAY» VIII халықаралық бизнес-форумында логистиканың болашағы талқыланып жатыр.
Сондай-ақ, Қазақстан көлік дәліздеріндегі кідірістің басты себебін атады.