Алматыдағы Наурызбай ауданының Шұғыла шағынауданында орналасқан Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығының маңындағы №650 және №683 сайлау учаскелерінің жанында «Асыл аналар» ардагерлер шығармашылық ұжымының концерті өтті.
Ұжым мүшелері ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрге арналған музыкалық және әдеби шығармаларды көпшілік назарына ұсынды. Концерттік бағдарлама аясында Мұқағали Мақатаевтың поэмасынан үзінді оқылып, Шәмші Қалдаяқовтың «Арыс жағасында» әні орындалды. Сонымен қатар қазақтың термелері мен «Менің Қазақстаным» композициясы шырқалды.
Ұжым мүшелері қала тұрғындары алдында өнер көрсетіп қана қоймай, өздері де мәслихат депутаттарының сайлауына қатысып, дауыс берді.
Біз, Наурызбай ауданының ардақты аналары, бүгін, 29 қарашада мәслихат депутаттарының сайлауына бір кісідей жұмылып, дауысымызды беруге келдік, – деді ұжым ұйымдастырушысы Кәмиля Нұрпейісова.
Оның айтуынша, «Асыл аналар» шығармашылық тобы «Ана тағылымы» бірлестігінің құрамына кіреді. Ұжым Наурызбай ауданының аға буын өкілдерінен құралған.
Өнерпаз аналар қазақтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін сақтап, оны жас ұрпаққа жеткізуге ерекше көңіл бөледі. Олар ұлттық киім, би, ән және әдеби шығармалар арқылы халқымыздың мәдени мұрасын кеңінен насихаттап келеді.
Көрермен өнерпаздарды жылы қабылдап, олардың шынайы орындаушылық шеберлігіне, концерттік бағдарламаның мазмұнына және халық шығармашылығына деген сүйіспеншілігіне жоғары баға берді.
Еске сала кетейік, Алматыда 670 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Бүгін қала тұрғындары мен қонақтары үшін қоғамдық көлікте жол жүру тегін.
Сайлауға қатысты қосымша ақпаратты 109 бірыңғай нөмірі арқылы алуға болады. Дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады.