Қазақстан көлік дәліздеріндегі кідірістің басты себебін атады

15 Қазан 2026, 11:05
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/ Артём Чурсинов 15 Қазан 2026, 11:05
15 Қазан 2026, 11:05
98
Фото: ©BAQ.KZ архиві/ Артём Чурсинов

Қазақстан халықаралық жүк тасымалын жеделдету үшін құжат айналымын жеңілдетіп, көлік саласындағы деректерді бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіруді көздейді. Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжановтың айтуынша, ендігі міндет – жолдар мен инфрақұрылымды дамытумен қатар, ақпарат алмасуға кететін уақытты қысқарту, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы ол Астанада өткен «NEW SILK WAY» VIII халықаралық бизнес-форумы аясындағы «Цифрлық Жібек жолы: жасанды интеллект және логистикадағы тұтас деректер» стратегиялық сессиясында айтты.

Вице-министр Қазақстан аумағы арқылы негізгі халықаралық көлік дәліздері өтетінін атап өтті. Оларды дамыту үшін жаңа теміржол желілері, порттар, жылжымалы құрам мен өткізу пункттері салынып, жаңғыртылып жатыр. Алайда инфрақұрылымды кеңейту жұмыстары көлік дәліздерінің тиімділігін арттыру үшін жеткіліксіз.

Контейнер көбіне бос жолды емес, құжатты күтеді. Локомотивті емес, растауды күтеді. Паромды емес, оған қандай жүк келе жатқанын көрсететін ақпаратты күтеді, – деді Жәнібек Тайжанов.

Оның сөзінше, әр шекара мен портта бірдей деректердің қайта енгізілуі жүк тасымалының кідіруіне және бизнес шығындарының артуына әкеледі.

Осыған байланысты Қазақстан барлық көлік түрін қамтитын бірыңғай цифрлық жүйе қалыптастыруды көздеп отыр. Оның негізгі қағидаты – «бір жүк, бір цифрлық із, бір терезе». Яғни жүк туралы ақпарат бір рет енгізіліп, бүкіл тасымал бағыты бойында қолжетімді болуы керек.

Вице-министрдің пікірінше, халықаралық логистиканы жеделдетудің келесі кезеңі жаңа жолдар салумен ғана емес, деректерді тиімді пайдалану және жасанды интеллектіні енгізумен байланысты.

Дәліздердің қайсысы жылдам, қайсысы баяу болатынын бүгін деректер шешеді, – деді ол.

Айта кетейік, Астанада Қазақстанның Көлік апталығы аясында «NEW SILK WAY» VIII халықаралық бизнес-форумында логистиканың болашағы талқыланып жатыр.

Наверх