ЖИ және көлік дәлізі: Астанада логистиканың болашағы талқыланып жатыр

15 Қазан 2026, 10:12
АВТОР
 ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова 15 Қазан 2026, 10:12
15 Қазан 2026, 10:12
101
Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Астанада Қазақстанның Көлік апталығы аясында «NEW SILK WAY» VIII халықаралық бизнес-форумы жұмысын бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Форумда Еуразияның көлік дәліздерін дамыту, халықаралық жүк тасымалын оңтайландыру және логистикаға жасанды интеллект енгізу мәселелері талқыланып жатыр.

Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Форумның іскерлік бағдарламасы аясында «Цифрлық Жібек жолы: жасанды интеллект және логистикадағы тұтас технологиялар» атты стратегиялық сессия өтті.

Сессияда Қазақстанның көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, Пәкістанның Федералдық коммуникациялар министрі Абдул Алим Хан, Түркияның көлік және инфрақұрылым министрі Абдулкадир Уралоглу, Өзбекстанның көлік министрі Илхом Махкамов, Чехияның көлік министрі Иван Беднарик және Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының көлік және инфрақұрылым жөніндегі мүшесі Арзыбек Қожошев сөз сөйледі.

Қатысушылар жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды жүк ағындарын басқару, халықаралық тасымалдарды оңтайландыру және логистикалық үдерістердің тиімділігін арттыру үшін қолдану мүмкіндіктерін қарастырды.

Сондай-ақ цифрлық жүйелердің өзара үйлесімділігін қамтамасыз ету, мемлекеттік органдар мен тасымал тізбегіне қатысушылар арасында деректер алмасуды жетілдіру және жүк тасымалының ашықтығын арттыру мәселелеріне назар аударылды.

Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Форум аясындағы талқылаулардың негізгі бағыттарының бірі – халықаралық көлік дәліздерінің тиімділігін арттыру және өңірдің транзиттік әлеуетін толық пайдалану. Іскерлік бағдарламада жоғары деңгейдегі кездесулер, стратегиялық және панельдік сессиялар қарастырылған.

Форуммен қатар көлік және логистика саласындағы жетекші компаниялар мен сарапшылардың басын қосатын «TransLogistica Kazakhstan 2026» XXIX Қазақстандық халықаралық көрмесі өтіп жатыр.

«NEW SILK WAY» форумының мақсаты – халықаралық әріптестікті нығайту, тәжірибе алмасу және Қазақстанның көлік-логистика кешенін дамытуға бағытталған практикалық шешімдерді әзірлеу. Бұл бастамалар елдің халықаралық көлік дәліздеріндегі рөлін арттыруға және Еуразияның көлік байланысын нығайтуға бағытталған.

Наверх