Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов Түркияның Анталия қаласында өтіп жатқан БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы тараптарының 31-конференциясына (COP31) қатысты.
Саммитке әлемнің 70-тен астам елінің мемлекет және үкімет басшылары, халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарының өкілдері жиналды.
Өз сөзінде Олжас Бектенов «Таза Қазақстан» бастамасының жүзеге асырылу барысына тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде 6 миллионнан астам қазақстандық экологиялық акцияларға қатысуда. Соңғы бес жылда ел бойынша шамамен 1,7 миллиард ағаш отырғызылған. Ал 2027 жылы тағы 270 миллион көшет егу жоспарланып отыр. Бұл Мемлекет басшысы белгілеген 2 миллиард ағаш отырғызу міндетін орындауға мүмкіндік береді.
Премьер-министр экологиялық мәселелерді шешуде халықаралық ынтымақтастықтың маңызын атап өтті. Сондай-ақ су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі Қазақстан бастамасын қолдауға шақырды.
Энергетика саласында жаңартылатын энергия көздерінің үлесі соңғы алты жылда төрт есеге өсіп, 2026 жылы 8 пайызға жеткен. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 15 пайызға жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар атом, жел және күн энергетикасы, «жасыл» сутегі өндірісі бағытындағы жобалар дамып келеді. Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстанның «жасыл» энергетикалық дәліз құру бастамасы да таныстырылды.
COP31 аясында Қазақстанның ұлттық павильонында экологиялық жобалар мен жаңа технологиялар ұсынылды. Олардың қатарында орман алқаптарын қалпына келтіру, метан шығарындыларын азайту, Каспий экожүйесін сақтау, Солтүстік Аралды қалпына келтіру, қалдықтарды қайта өңдеу және «жасыл» энергетикаға көшу жобалары бар. Сондай-ақ климаттық мониторингте жасанды интеллект пен ғарыштық технологияларды қолдану мәселелеріне назар аударылды.
Конференция аясында қазақстандық делегация жалпы құны шамамен 1,2 миллиард доллар болатын бірқатар келісімге қол қойды. Құжаттар Түркістан облысында қуаты 150 МВт, Қостанай облысында 1 000 МВт жел электр стансаларын салуды және Aqyl Energy жобасы аясында қашықтан дерек беретін 1,35 миллион интеллектуалды газ есептегішін орнатуды көздейді.
Бұдан бөлек, қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі құжаттарға қол қойылды.