Қазақстан жастарының 80 пайыздан астамы ел болашағына сеніммен қарайды

30 Қыркүйек 2026, 13:45
АВТОР
 ©BAQ.KZ 30 Қыркүйек 2026, 13:45
30 Қыркүйек 2026, 13:45
132
Фото: ©BAQ.KZ

Бүгінде Қазақстанда 6 миллионға жуық жас тұрады. Бұл ел халқының үштен біріне жуық бөлігін құрайды. «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының дерегіне сәйкес, қазақстандық жастардың 80 пайыздан астамы ел болашағына сеніммен қарайды. 75 пайыздан астамы қазіргі өміріне, 77 пайызға жуығы алып жатқан немесе алған білімінің сапасына көңілі толатынын айтқан. Ал 60 пайыздан астамы білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні оқытуды маңызды деп санайды.

Жастардың білім алуына және кәсіби тұрғыдан дамуына жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Кейінгі бес жылда білім гранттарының саны 1,5 есе артып, 250-ден астам студенттік жатақхана пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде жатақханадағы орын тапшылығы алты есе азайды. Осы кезеңде 1,4 миллионға жуық жас жұмыспен қамту шараларымен қамтылды. 190 мыңға жуық жас қазақстандық кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, 22 мыңнан астамы өз кәсібін ашуға мемлекеттік грант алды. Сондай-ақ 35 жасқа дейінгі азаматтарға арналған жеңілдетілген «Наурыз» және «Отау» тұрғын үй бағдарламалары бар.

2026 жылдың басынан бері 1,5 мыңнан астам оқушы мен студент республикалық және халықаралық байқаулар мен фестивальдерге қатысып, 1,2 мыңнан астамы жеңімпаз және жүлдегер атанды.

Еліміздің барлық өңірінде жас дизайнерлер, музыканттар, өнер, кино, медиа, IT және цифрлық сала өкілдері үшін креативті хабтар жұмыс істейді. Астанада Креативті индустрияларды дамыту қоры құрылды.

Жас таланттарды қолдау мақсатында «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы, 18-35 жас аралығындағы авторларға арналған Президенттік арнаулы әдеби сыйлық, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы мен «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты қарастырылған.

Қоғамдық кеңестердегі жастар квотасының үлесі 2027 жылға қарай 20 пайызға жетуі тиіс. Президенттік жастар кадр резервіне өткен төрт іріктеуге 60 мыңға жуық үміткер қатысып, 500 адам резервке алынды. Олардың 418-і жауапты қызметтерге тағайындалды.

Бүгінде Қазақстанда 300 мыңнан астам жас волонтерлікпен айналысады.

Наверх