Қазақстан жасанды интеллектіні басқару, климат пен су қауіпсіздігі және халықаралық ынтымақтастық мәселелері бойынша әлемдік орталықтардың біріне айнала алады. Оксфорд университеті Мартин мектебінің Жасанды интеллект саясаты жөніндегі бастамасының аға кеңесшісі Сэм Доус Алматыда БҰҰ университетінің өңірлік бөлімшесін ашу бастамасының әлеуетіне осындай баға берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сэм Доус өткен жылдың желтоқсанында Токиодағы БҰҰ университетінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген бастамаға назар аударды. Мемлекет басшысы Алматыда БҰҰ университетінің өңірлік бөлімшесін ашуды ұсынған болатын.
Жоспар бойынша, орталық жанжалдардың алдын алу, тұрақты даму, су және климат қауіпсіздігі, сондай-ақ жасанды интеллектіні басқару мәселелерін зерттеуге бағытталуы мүмкін.
Жеке пікірім бойынша, бұл бастаманың болашағы зор әрі өте қызықты. Ал Хошидің саясатты іс жүзінде жүзеге асыруға басымдық беруі, Оксфорд университетімен және басқа ұйымдармен ынтымақтастығын кеңейтуі осындай орталықтың қандай серіктестік орната алатынын көрсетеді, - деді Сэм Доус Нархоз университетінде өткен халықаралық MIND FOR PEACE конференциясында.
Сарапшы Қазақстанның халықаралық ғылыми және зияткерлік ынтымақтастықтағы тарихи рөліне де тоқталды. Оның айтуынша, Ұлы Жібек жолы дәуірінен бері Орталық Азия білім, мәдениет пен идея тоғысқан мекен болған.
Ол әл-Хорезмидің есімі қазіргі «алгоритм» терминінің шығуымен байланысты екенін атап өтті. Мұны өңірдің ғылыми мұрасы мен заманауи жасанды интеллектінің негіздері арасындағы тарихи сабақтастықтың бір көрінісі деп санайды.
Сэм Доус Қазақстан болашақта Қытай, Батыс елдері және әлемнің басқа да мемлекеттері ортақ мәселелерді талқылап, шешім іздейтін халықаралық зияткерлік орталыққа айнала алатынын жеткізді.
Мұндағы мақсат - бәрінің бірдей ойлауы емес, өзара үйлесімді жұмыс істей білуі. Барлық мәселеде ортақ пікірге келу міндетті емес. Ең бастысы - айырмашылықтарымызға қарамастан, өзара құрмет пен адамгершілікті сақтап, ынтымақтаса білу. Мен үшін бейбітшілікке бастайтын ойлау дегеніміз - осы, - деп түйіндеді ол.