Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Ұлыбританиямен визалық рәсімдерді жеңілдету бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл туралы ведомство басшысының орынбасары Арман Исетов мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін Сенатта Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания арасындағы стратегиялық әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау мәселесі талқыланды. Отырыс барысында депутат Сәкен Арубаев Ұлыбритания азаматтары Қазақстанда 30 күнге дейін визасыз бола алатынын атап өтті. Ал қазақстандықтар үшін британ визасы әлі де міндетті әрі оны алу көп жағдайда шенген визасына қарағанда күрделірек.
Сыртқы істер вице-министрі Арман Исетов бұл теңсіздіктің бар екенін растады.
Шынында да, мұндай дисбаланс бар. Өкінішке қарай, соңғы уақытта британ тарапы көші-қон талаптарын керісінше күшейтіп, жалпы миграциялық саясатты қатаңдатты. Дегенмен бұл мәселе екіжақты келіссөздердің күн тәртібінен түскен емес. Біз оны үнемі көтеріп келеміз, – дейді ол.
Оның айтуынша, жаңа келісімді ратификациялау елдер арасындағы диалогты ілгерілетуге қосымша негіз қалыптастырады.
Біз бұл процесті кезең-кезеңімен жүзеге асады деп қарастырамыз. Яғни ең алдымен студенттерге, профессорлық-оқытушылық құрамға, ресми делегацияларға және бизнес өкілдеріне визалық режимді жеңілдету мәселесі тұр. Бұл бағытта британ әріптестермен келіссөздер, консультациялар, салалық ведомстволар деңгейінде, СІМ, елшілер деңгейіндегі кездесулер аясында жұмыс жүргізіліп жатыр, – деп түйіндеді Арман Исетов.
Еске салсақ, Сенаттағы брифингте журналистер ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетовтен Таяу Шығыстағы соғысқа байланысты отандық кәсіпкерлер қандай шығынға ұшырап жатқанын сұрады. Ол қазіргі таңда көптеген бизнес-жобалар тоқтап тұрғанын мәлімдеді. Сөзінше, соғыс әсерінен Қазақстан Иранмен келісімдерді уақытша тоқтатты.