Логистика индексіндегі 95-орын: Әшімбаев транзит саласындағы кедергілерді атады

12 халықаралық дәліз бар, бірақ әлеует толық пайдаланылмай отыр.

 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов Бүгiн 2026, 10:52
Бүгiн 2026, 10:52
170
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев «Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамыту» тақырыбындағы парламенттік тыңдауда елдің көлік-логистика саласын дамытудың негізгі бағыттарын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, транзиттік әлеует – Қазақстан экономикасының стратегиялық маңызды салаларының бірі. Бұл бағыт елдің халықаралық бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер етеді. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды Еуразиядағы ірі транзиттік хабқа айналдыру міндетін нақты қойған.

Сенат спикері алдағы жылдары көлік-логистика секторының жалпы ішкі өнімдегі үлесін кемінде 9 пайызға жеткізу қажеттігін айтты. Қазір бұл бағытта кешенді жұмыстар жүргізіліп, бірқатар мемлекеттік бағдарламалар іске асырылып жатыр.

Әшімбаев Қазақстанның географиялық орналасуы транзиттік мүмкіндіктерді кеңінен пайдалануға жол ашатынын атап өтті.

Еліміздің аумағы арқылы 12 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Оның ішінде 5-і теміржол, 7-і автомобиль жолдары. Бүгінде Азия мен Еуропа арасындағы құрлықтағы жүк тасымалының 85 пайызға жуығы осы дәліздер арқылы жүзеге асады. Десек те, еліміздің осы саладағы әлеуеті әзірге толық іске асырылмай отырғаны жасырын емес. Дүниежүзілік банктің дерегіне сәйкес халықаралық логистикалық тиімділік индексі бойынша Қазақстан 139 елдің ішінде 95-орында тұр, - деп атап өтті Сенат төрағасы.

Айта кетерлігі, бұл транзиттік мүмкіндіктеріміз жоғары болғанына қарамастан осы салада кейбір кедергілердің бар екенін білдіреді.

Нақты айтқанда, инфрақұрылым, сервис сапасы, рәсімдердің жылдамдығы бойынша мәселелер сақталып отыр. Сондықтан қазір жекелеген жобалар жиынтығы емес, бірыңғай ұлттық транзиттік жүйе қажет. Соңғы бес жылда көлік-логистика кешенін және транзиттік әлеуетті дамытуға 13,5 трлн теңге қаржы және инвестиция салынды. Бұл жұмыс өз нәтижесін береді деп сенеміз, - деді Мәулен Әшімбаев.

Мәлімдеуінше, қазіргі кезеңдегі геосаяси ахуалдан туындайтын мүмкіндіктерді де тиімді пайдаланған абзал.

Көрші мемлекеттердегі және Таяу Шығыстағы жағдай әлемдегі көлік және транзит салаларына тікелей әсер етіп жатқанын бәріміз көріп отырмыз. Осындай кезеңде Азия мен Еуропа арасындағы сенімді бағыттардың маңызы арта түседі. Тасымалдың тұрақтылығын, жылдамдығын және болжамдылығын қамтамасыз ете алатын дәліздерге сұраныс артады. Сондықтан бұл қосымша мүмкіндікті тиімді пайдаланып, кешенді түрде әрекет жасау аса маңызды. Осыған байланысты «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізін және Транскаспий бағытын қарқынды дамыту стратегиялық мақсат болып отыр, - деді Сенат спикері.

Наверх