Қазақстан тауарларының түркі мемлекеттерінің шекарасынан өткізілуі жеңілдейді

22 Мамыр 2024, 11:17
191
Бөлісу:
Қазақстан тауарларының түркі мемлекеттерінің шекарасынан өткізілуі жеңілдейді
Фото: BAQ.KZ -архив

Мәжіліс жалпы отырыста Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы оңайлатылған кеден дәлізін құру туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Заң жобасын депутаттарға Қаржы министрі Мәди Такиев таныстырды.

Құжатқа тараптар 2022 жылдың 11 қарашасында Самарқандта қол қойды және белгісіз мерзімге жасалды.

Келісім аясында «оңайлатылған кеден дәлізі» және «сауда операторлары» жаңа ұғымдары енгізіледі. Басты мақсат – оңайлатылған кеден дәлізі бойынша тараптар арасында өтетін тауарлар мен көлік құралдарын кедендік бақылаудың тиімділігін арттыру, - деді ведомство басшысы.

Оның айтуынша, ақпарат алмасу сауда операторлары тасымалдайтын жүктер бойынша оңайлатылған кеден дәлізі арқылы және ерікті негізде жүзеге асырылады.

Оңайлатылған кеден дәлізі аясында сауда операторларына бірқатар жеңілдік беріледі. Олардың ішінде кедендік ресімдеудің басым тәртібі, өткізу пункттерінде кедендік жете тексеруді қолданбау және ресімдеу уақытын қысқартуға мүмкіндік беретін жекелеген қозғалыс жолақтарын қоса алғанда, мүмкін болатын оңайлатылған кедендік формальдылықтар бар.

Өзгелердің жаңалығы