27-29 қарашада Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында таеквондо мен пара таеквондодан әлемдік Гран-при финалы өтеді. Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылатын G-10 санатындағы жарысқа 128 таеквондошы қатысады деп жоспарланған.
Турнирде Олимпиада және әлем чемпиондары сегіз салмақ дәрежесінде бақ сынап, Лос-Анджелес Олимпиадасына іріктеу үшін маңызды рейтингтік ұпайларды сарапқа салады. Қатысушылар арасында Париж және Токио Олимпиадасының чемпиондары да бар.
Қазақстан атынан таеквондодан Батырхан Төлеуғали, Тамирлан Тілеулес, Мария Севостьянова және Рита Бакишева өнер көрсетеді.
Жарыс 27 қарашада пара таеквондодан басталады. Оған 70-ке жуық спортшы қатысады деп күтілуде. Қазақстан құрамасы сапында Нышанбек Актлеуов, Айбек Жұманғали, Дінмұхаммед Асқар, Нұрлан Домбаев, Милана Красавцева, Камиля Досмалова және Марьям Салимгереева бақ сынайды.