2024 жылы Қазақстан сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінде 39 балл жинап, ел тарихындағы ең жоғары нәтижеге қол жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалидың айтуынша, бұл жетістік таңдалған бағыттың дұрыстығын көрсетеді, бірақ басты мақсат – жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту.
Біз тек халықаралық рейтингтерде жоғары орын алуды көздемейміз, бастысы – жүйелі реформалар жүргізіп, азаматтарға жемқорлықтан азат елде өмір сүруге мүмкіндік жасау, – деді Антикор басшысы.
Ол сондай-ақ Қазақстан 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын жүзеге асырып жатқанын еске салды. Бұл құжат Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) сарапшыларының қатысуымен әзірленген. Бесінші бағалау кезеңінде халықаралық мамандар тұжырымдаманың жүзеге асырылуын оң бағалап, Қазақстанды озық әлемдік стандарттарға жақындататын ұсыныстар берген.
Бұл бағыттағы негізгі қадамдардың бірі – елдің ЭЫДҰ-ның Парақорлыққа қарсы жұмыс тобына қосылуы және халықаралық мәмілелер барысында лауазымды тұлғаларды сатып алуға қарсы күрес жөніндегі конвенцияны ратификациялауы болмақ.
Бастысы – қазіргі жағдайымыз емес, қай бағытта жылжып жатқанымыз. Қазақстан Мемлекет басшысы айқындаған жолды нық ұстанып келеді, әрі нәтижелері қазірдің өзінде көрініп отыр, – деп түйіндеді Жұмағали.