Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Премьер-министр Асқар Мамин көлік құралдарын өңдеу мен дезинфекциялауға байланысты көлік құралдарының өткізу қабілетін ұлғайтуға және жүріп өту уақытын қысқартуға қатысты сауалға жауап берді.
Қаржы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп Қытай тарапымен тауар айналымын ұлғайту және бұрыннан жабық өткізу пункттерін (Майқапшағай-Зимұнай және Қалжат-Дулаты) ашу мәселесі бойынша жұмыс жүргізуде. Қолданыстағы өткізу пункттері арқылы Қытай тарапы 100 бірліктен аспайтын көлікті қабылдайды (Нұр жолы – 40-50 АКҚ, Бақты – 30-40 АКҚ, Достық – 5-10 АКҚ). Бұл ретте, пандемияға байланысты Қытай тарапы жөнелту еліндегі эпидемиологиялық жағдайға қарамастан, барлық шекара маңындағы елдерден көлік қабылдауды шектеуде, - деді ол.
Осыған байланысты ағымдағы жылғы 26 қарашасында Үкіметтер өкілдерінің қатысуымен бейнеконференц-байланыс форматында Қазақстан Республикасы – Қытай Халық Республикасы ынтымақтастық жөніндегі Комитетінің 10-шы отырысы өтті, онда қазақстандық тарапы барлық проблемалық мәселелерді, соның ішінде елдер арасындағы автомобиль және теміржол тасымалдары бойынша мәселелер көтерді.
Отырыс қорытындысы бойынша автомобиль және теміржол өткізу пунктеріндегі өткізу қабілетін біртіндеп арттыру, сондай-ақ ҚР – ҚХР арасындағы жылжымалы құраммен келісілген алмасуды қамтамасыз ету бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Қытай тарапы Қазақстан – Қытай шекарасындағы «Майқапшағай – Зимұнай» және «Қалжат» – «Дулаты» өткізу пунктінің қызметін қалпына келтіру үшін санитариялық – эпидемиологиялық бақылаудың қатаң шараларын сақтау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, тараптар жұмыс істеп тұрған «Қорғас», «Алашанькоу» және «Бақты» өткізу пункттерінің өткізу қабілетін ұлғайтуға, сонымен бірге қалған өткізу пунктерінде аталған мәселені одан әрі пысықтай отырып, «Нұр Жолы – Қорғас» өткізу пунктінің тәулік бойы жұмыс істеу режиміне ауысу мүмкіндігін қарастыруға уағдаласты.
Үкімет басшысы көліктік бақылау учаскесін цифрландыруға қатысты сауалға да жауап бере кетті.
Автомобиль көлігі саласында көліктік бақылау учаскесін цифрландыру мақсатында Министрлік Көліктік бақылаудың интеллектуалды жүйесін құру және енгізу бойынша жұмыстар жүргізуде.
Жүйе жолаушы және жүк тасымалдайтын автокөлік құралдарының қашықтықтан жүріп өтуін жүзеге асыра отырып (электрондық көлік және рұқсат құжаттарын тексеру, рұқсат етілген салмақ-габариттік параметрлердің сәйкестігі және т.б.), құқық бұзушыларға айыппұл төлеу туралы нұсқамаларды автоматты түрде қалыптастыра және жібере отырып, көліктік бақылауды жүзеге асыру кезінде адами факторды болдырмауға бағытталған. Жүйені құру бойынша іс-шара 2023 жылы іске асыру мерзімімен «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасына енгізілген. Қазіргі уақытта Жүйені құруға инвестициялық ұсыныс пен техникалық тапсырманы әзірлеу мәселесі қарастырылуда. Бұдан басқа екіжақты ынтымақтастық тетіктері шеңберінде жақын арада Қытай тарапымен ҚР – ҚХР ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комитетінің отырыстарын өткізу пысықталуда, оның шеңберінде жоғарыда көрсетілген проблемалар бойынша мәселелерді одан әрі пысықтау жоспарлануда. Тұтастай алғанда осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда, - делінген жауапта.