Қазақстан интернетті пайдаланушылар үлесі бойынша халықаралық рейтингте жоғары көрсеткішке қол жеткізді. 2025 жылы ел тұрғындарының 93,4 пайызы интернетті пайдаланған. Бұл нәтиже бойынша Қазақстан Қытай, Жапония, Бразилия және Үндістан сияқты бірқатар ірі мемлекеттен алда тұр.
Халықаралық электр байланысы одағының (ITU) DataHub платформасында жарияланған мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда интернет пайдаланушылардың үлесі 93,4 пайызды құраған. Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен (73,6%) 19,8 пайыздық тармаққа жоғары.
Салыстырмалы рейтингте Қазақстанның нәтижесі бірқатар ірі экономиканың көрсеткішінен асып түседі. Мәселен, Қытайда халықтың 91,8 пайызы, Жапонияда 85,5 пайызы, Бразилияда 84,9 пайызы, ал Үндістанда 70 пайызы интернет пайдаланады.
Ал Қазақстаннан жоғары көрсеткіш Ресейде (95,6%), АҚШ-та (94,7%), Германияда (94,6%) және Канадада (94,4%) тіркелген. Осылайша, еліміз интернетті пайдалану деңгейі бойынша әлемнің жетекші экономикаларына жақын нәтижеге қол жеткізген.
Рейтингтің көш басында интернет пайдаланушылар үлесі 100 пайызға жеткен Бахрейн, Кувейт, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктері тұр. Одан кейін Дания (99,8%), Люксембург (99,1%), Монако мен Норвегия (99%) орналасқан.
Еуропада интернет пайдаланушылардың үлесі орта есеппен 92,2 пайызды құраған. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстанның нәтижесі Еуропаның орташа деңгейінен де жоғары.
Ал интернетке қолжетімділік деңгейі төмен елдер қатарында Африка мемлекеттері бар. Мәселен, Кенияда халықтың 35 пайызы, Нигерияда 41,2 пайызы интернет пайдаланады.
Көрсеткіш қалай есептелген?
Халықаралық электр байланысы одағының әдістемесіне сәйкес, интернет пайдаланушылар қатарына соңғы үш ай ішінде кез келген жерде стационарлық немесе мобильді желі арқылы интернетке кемінде бір рет қосылған адамдар енгізіледі.
Деректер 2025 жылға қатысты. Ал осы кезең бойынша мәліметтері болмаған елдер үшін 2024 жылғы көрсеткіштер пайдаланылған.
Жалпы, Қазақстанның 93,4 пайыздық нәтижесі елдегі интернетті пайдалану деңгейінің жоғары екенін және цифрлық қызметтердің халық арасында кең таралғанын көрсетеді. Дегенмен бұл көрсеткіш интернеттің жылдамдығын, құнын немесе байланыс сапасын емес, оны пайдаланатын тұрғындардың үлесін ғана сипаттайды.
Айта кетейік, Қазақстанның мыңнан астам ауылының тұрғындары секундына кемінде 100 мегабит жылдамдықпен интернетке қол жеткізуі мүмкін. Ол үшін жергілікті байланыс операторларына «Қазақтелекомның» магистральдық желілеріне қосылуға мүмкіндік беріледі. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен жасалған меморандумда көзделген.
Еске салсақ, Қазақстан Орталық Азияда туризмді дамыту жөніндегі әлемдік рейтингте көш бастады. Қазақстан туризмді дамыту бойынша халықаралық рейтингте 110 елдің ішінде 56-орынға тұрақтап, Орталық Азия мемлекеттері арасында үздік нәтиже көрсетті.
Тағы оқи отырыңыз: Астана Дубай мен Сингапурмен бір қатарда: Елорда әлемдік қаржы орталықтарының ондығына енді
Қазақстан жасанды интеллект саясатында Германия, Франция мен Жапониядан озып кетті