Қазақстан Қытай арасындағы теміржолмен жүк тасымалдау ең жоғары деңгейге жетті

5 Қаңтар 2023, 21:30
744
Бөлісу:
Қазақстан Қытай арасындағы теміржолмен жүк тасымалдау ең жоғары деңгейге жетті

Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржолмен жүк тасымалдау 2022 жылы тарихи максимумнан асып, 23 млн тоннадан астамды құрады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

2021 жылмен салыстырғанда 15%-ке көп. Бұл ретте қазақстандық кәсіпорындардың экспорттық жөнелтілімдері: темір кені (+17%), түсті кен (+45%), қара металдар (+6%), контейнерлердегі астық жүктері (+70%) және басқа да жүктер (+83%) өнімдерін тасымалдаудың өсуі есебінен 17%-ке ұлғайды.

Жоғары көрсеткіштерге екі ел теміржолшыларының үйлесімді жұмысы есебінен қол жеткізілді. «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен Қытай  темір жол әкімшіліктері бірлесіп пойыздарды кедергісіз қабылдау-беруді, өткелдердің қуатын тиімді пайдалануды қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізді. Алматы жүк тасымалдау бөлімшесінің, Достық және Алтынкөл станцияларының теміржолшылары жүктерді қабылдау-тапсыру бойынша жұмысты нақты және уақтылы ұйымдастыра алатындығын көрсетті.

Қытай бағытында жүктерді тасымалдауға сұраныстың артуын ескере отырып, теміржол инфрақұрылымын жедел дамыту бойынша шаралар қабылдануда.

Отандық өнімді үздіксіз тасымалдауды қамтамасыз ету және елдің транзиттік әлеуетін дамыту үшін өткен жылдың қараша айында Достық – Мойынты учаскесінде екінші жолдардың құрылысы басталды. Жобаны іске асырғаннан кейін учаскенің өткізу қабілеті 5 есеге (жүк пойыздарының 12 жұбынан тәулігіне 60 жұпқа дейін) артады. Қазіргі уақытта Аягөз-Бақты үшінші теміржол шекара өткелін салу бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде.

Осы ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру Қазақстан экономикасының дамуына серпін береді және елдер арасындағы жүк ағынын арттыруға қызмет етеді.

Өзгелердің жаңалығы