Қазақстан құрылғанына 75 жыл толған Қытаймен қай салаларда серіктеседі

25 Қыркүйек 2024, 16:55
297
Бөлісу:
Қазақстан құрылғанына 75 жыл толған Қытаймен қай салаларда серіктеседі
PHOTO

Қытайдың Қазақстандағы елшілігі Қытай Халық Республикасының құрылғанына 75 жыл толғанын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Елшілік мерекені атап өту үшін дипломаттар мен жергілікті билік, бизнес өкілдерінің басын қосып, салтанатты жиын ұйымдастырды. Мерекелік кеште Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр және Қытай елшісі Чжан Сяо сөз сөйледі.

Жиын алдында Қорғаныс министрлігі ансамблінің сүйемелдеуімен екі елдің Әнұрандары шырқалды.

Қазақстан құрылғанына 75 жыл толған Қытаймен қай салаларда серіктеседі
Қазақстан құрылғанына 75 жыл толған Қытаймен қай салаларда серіктеседі

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Қытай халқын республикасының құрылғанына 75 жыл толуымен құттықтады.

Қазақстан құрылғанына 75 жыл толған Қытаймен қай салаларда серіктеседі

Осы кезең ішінде Қытай даму жолына түсіп, тынымсыз еңбек пен асқақ рух Қытайды жаһандық экономиканың көшін бастаған алпауыт державалардың біріне айналдырды. 1,5 млрд-қа жуық тағдырды бір шаңырақ астына тоғыстырған Қытай елі бүгінде әлемдегі ең ірі білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау жүйелерінің үздік моделін қалыптастырды. Біздің еліміз Қытайға ежелден сенімді серіктес ретінде зор құрметпен қарайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықтарымызды жақындататын шынайы диалог пен серіктесті жоғары бағалайды. Мызғымас достық пен өзара қолдаудың арқасында екіжақты ынтымақтастық мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық әріптестік рухында жалғасын тауып келеді. Қазақстан-Қытай қатынастарының «алтын отыз жылдығы» аясында сауда, инвестиция, білім мен мәдениет, технология сияқты түрлі салалар бойынша серіктестік нығайып келеді, - деді Скляр.

Оның сөзінше, елдеріміз арасында тауар айналымы артып келеді. Ендігі мақсат - сауда көлемін екі есе арттыру. Қытай – Қазақстанның ТОП-5 инвесторлар қатарына кіреді. Бүгінде оның жалпы көлемі 25 млрд долларға жуықтады.

Визасыз режимді енгізу туризм мен мәдени-гуманитарлық байланыстың нығаюына жаңа серпін беріп, Қазақстан мен Қытайды бұрыннан да жақындастыра түсті. Биыл Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы өтіп жатыр. Келесі 2025 жылы Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы болып жарияланды. Қазақстан мен Қытайдың мәдени орталықтары екі халықтың арасындағы достықтың берік көпірі болары сөзсіз. Астана халықаралық университеті негізінде ашылған Бейжің және мәдениет университетінің филиалы білім саласындағы жемісті байланыстардың бірегей көрінісі, - деп Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр жиынға шақырған елшілікке алғысын білдірді.

Мерекелік кештің ашылуында сөз сөйлеген Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо келген қонақтарға ризашылығын білдірді.

Қазақстан құрылғанына 75 жыл толған Қытаймен қай салаларда серіктеседі

Оның сөзінше, 75 жыл бұрын, дәл осы күні ұзаққа созылған ішкі және сыртқы соғыстардан жаңа ғана шыққан Қытайды кедейлік пен әлсіздік басып тұрды. Қытай коммунистік партиясы мен Қытай халқының алдында имперализмнің қатыгез әрі толық оқшаулауы, ескі қоғамнан қалған кедейлік пен артта қалушылық тұрды. Елде көптеген саланы қайта қалпына келтіру, оларды дамыту мен өркендету керек болды.

Қазақстан құрылғанына 75 жыл толған Қытаймен қай салаларда серіктеседі

Қытай әлемде сирек кездесетін қарқынды экономикалық даму мен ұзақ мерзімді әлеуметтік тұрақтылықтың «екі әлеметін» жасап, әлемдегі ең ірі өндіруші елге, тауар саудасы бойынша ең ірі елге, тауар тұтыну бойынша ең ірі елге, валюта резерві бойынша ең ірі елге және әлемдегі ең ірі экономикаға айналды. Қиын және күрделі сыртқы жағдайларға қарамастан, биылдың бірінші жартысында Қытайдың ішкі жалпы өнімі былтырмен салыстырғанда 5%-ға өсіп, шамамен 8,7 трлн долларға жетті, - деп айтты Чжан Сяо.

Дипломат бейбітшілік пен соғыс, өркендеу мен құлдырау, бірлік пен қарсыластық арасындағы тарихи таңдау алдында одан сайын бейбіт өмірдің бес қағидасын ілгерілетуіміз керегін және адамзаттың ортақ тағдыры қауымдастығын құру үшін табанды түрде күш салуымыз қажет деп есептейді.

Қытай мен Қазақстан – тау мен өзен арқылы жалғасқан, ортақ тағдыры бар тату көршілер. Төраға Си Цзиньпин мен Президент Тоқаевтың стратегиялық басшылығымен екі ел арасындағы қарым-қатынас жаңа «алтын отыз жылға» аяқ басты. Елдеріміз арасындағы екіжақты сауда көлемі рекордтық көрсеткішке жетіп, 41 млрд доллар болды. Ол былтырмен салыстырғанда 32%-ға өсті. Биылдың қаңтар-тамыз айлары аралғында екі ел арасындағы сауда көлемі 29,1 млрд долларды құрап, былтырмен салыстырғанда 15,6%-ға өсті. Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі және инвестицияның маңызды көзіне айналды, - деп атап өтті елші.

Ол елдеріміздің көлік-логистика, энергетика және мәдени-гуманитарлық салалардағы серіктестігіне де баса назар аударды.

Еске сала кетейік, 1 қазан – Қытай Халық Республикасының құрылған күні. Жыл сайын 1 қазанда Қытай ел тарихындағы осы айтулы оқиғаның мерейтойын атап өтеді.

Қытай Халық Республикасының құрылғанын 1949 жылы 1 қазанда Бейжіңдегі Тяньаньмэнь алаңында өткен митингте Мао Цзэдун жариялады. 2 желтоқсанда Орталық халық үкіметі 1 қазанды ұлттық мереке деп жариялау туралы қаулы шығарды.

Өзгелердің жаңалығы