Қазақстан құрамасы бокстан Азия чемпионатында жалпы есепте 1-орын алды

13 Қараша 2022, 11:25
3647
Бөлісу:
Қазақстан құрамасы бокстан Азия чемпионатында жалпы есепте 1-орын алды
Фото: Фото: Аян Төлеген

Иордания астанасы Амманда бокстан XXXII Азия чемпионатын аяқталды. Қазақстан ерлер мен әйелдер құрамасының нәтижесін қоса есептегенде жалпы есепте 1-орын алды, деп хабарлайды BAQ.KZ Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі. 

Қоржынымызда 6 алтын, 7 күміс пен 8 қола. Екінші – Өзбекстан (6 алтын, 3 күміс, 4 қола), үшінші – Үндістан (4 алтын, 2 күміс, 5 қола).

Ерлер бәсекесінің қорытындысы

Бәсекені соңғы күні ерлер 13 салмақта биылғы үздіктерді анықтады. Қазақстан құрамасы сапындағы Санжар Ташкенбай (48 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг), Айбек Оралбай (-92 кг) чемпион атанса, Сәкен Бибосынов (51 кг), Махмұд Сабырхан (54 кг), Серік Теміржанов (57 кг), Дулат Бекбауов (67 кг), Нұрқанат Райыс (75 кг), Қамшыбек Қоңқабаев (+92кг) финалда қарсыласынан ұтылып, күміс жүлдегер атанды. Ал Саматәлі Төлтаев (60 кг), Нұрбек Оралбай (80 кг), Сағындық Тоғамбай (86 кг) қола медаль алды. Барлығы 12 жүлде (3 алтын, 6 күміс, 3 қола).

Ерлер арасындағы жалпы есепте 5 алтын, 2 күміс, 3 қоламен Өзбекстан құрамасы 1-орын алса, Қазақстан 2-орынға ие болды. Үздік үштікті жарыс қожайыны Иордания (2 алтын, 2 күміс, 1 қола) түйіндеді.

Әйелдер бәсекесінің қорытындысы

Ал кеше әйелдер арасындағы бәсекеде Алуа Балқыбекова (48 кг), Жайна Шекербекова (54 кг) мен Карина Ибрагимова (57 кг) топ жарса, Гүлсая Ержан (81 кг) күміс медаль иегері атанған. Сондай-ақ Назым Қызайбай (50 кг), Жазира Орақбаева (52 кг), Мадина Нұршеева (66 кг), Дариға Шәкімова (70 кг), Ләззат Күнгейбаева (+81кг) өз салмағында үштікті түйіндеді.

Әйелдер арасында Үндістан (4 алтын, 1 күміс, 1 қола) көш бастаса, 2-орын Қазақстанның (3 алтын, 1 күміс, 5 қола) еншісінде қалды. Одан кейін Жапония (1 алтын, 3 күміс), Оңтүстік Корея (1 алтын, 1 күміс, 4 қола), Өзбекстан (1 алтын, 1 күміс, 1 қола), Тайвань (1 алтын, 3 қола), Вьетнам (1 алтын, 1 қола) жайғасқан.

Айта кетейік, 31 қазанда басталған сары құрлық додасында ерлер 13, әйелдер 12 салмақта сынға түсті. Чемпионатты Азия бокс конфедерациясы (ASBC) Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) ережелерін негізге ала отырып, ұйымдастырды.

Өзгелердің жаңалығы