«Қазақстан қоғамының жаңа құндылықтық жүйесін қалыптастыру бағытында не істеу қажет?»

26 Наурыз 2025, 14:46
995
Бөлісу:

Президент ішкі саясаттағы шаруаның бәрін жүйелейтін біртұтас тұжырымдамалық құжат керек дей отырып, онда мемлекеттік идеология жұмысының мақсат-міндеттері мен басымдықтары нақты белгіленуге тиіс деп айтты.

Тұжырымдама бар деседі. Тағы бір мәрте айтайын, әлі көрмедім. Дей тұра, өзімнің көзқарасыммен бөлісе отырайын.

2019 жылдан бастап Қазақстанда “Жаңа Қазақстан”, “Екінші республика”, “Әділетті Қазақстан”, “Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет”, “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” секілді идеологиялық тұжырымдар пайда болды. Бұл ұрандар тек саяси риторика ғана емес, олар елдің ішкі саясатының бағытын анықтайтын негізгі принциптер ретінде қарастырылуы тиіс.

Алайда қазіргі Қазақстан саяси трансформация, қоғам мен билік арасындағы жаңа әлеуметтік келісім және әділеттілік пен теңдік қағидаттарын қайта қарастыру кезеңінде тұр. Сондықтан жаңа ішкі саясат тұжырымдамасы осы идеологемалардың өзара байланысын жүйелеп, оларды кешенді түрде іске асыруды қамтамасыз етуі керек.

Президент Ұлттық құрыдтайдағы сөзінде “Тұжырымдамада халқымыздың бірегей болмысын, өмір салтын сипаттайтын жалпыұлттық құндылықтар мен негізгі нышандар айқын көрсетілуі керек. Бұл, ең алдымен, осы құндылықтар мен нышандарды қоғамда орнықтыру, оларды кеңінен дәріптеу және қорғау үшін қажет”, - деп атап өтті.

Ал енді Қазақстан қоғамының жаңа құндылықтық жүйесін қалыптастыру бағытында не істеу қажет? Ол үшін ең әуелі қазақ тілінің біріктіруші фактор ретінде толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету керек. Бірақ тіл ол құрал ғана. Ендеше сол құндылықтарды бірікиіретін “Қазақстандық арман” құру – ұлттық бірегейлікті нығайту негізінде жастарды жаңа мақсаттарға жетелейтін идеологиялық бағдар қалыптастыру қажет. Жоғарыда аталған идеологемалардан бөлек ұғым енгізу қажет.

Әлемдік контекстте қарасақ әр елдің тарихи дамуы барысында қалыптасқан өзіндік «ұлттық арман» немесе мақсат-мұрат тұжырымдамалары бар. Олардың әрқайсысы қоғамның ерекше құндылықтарына және дамудың өзіндік жолына негізделген.

АҚШ – «Америкалық арман». Яғни америкалық арман – еркіндік пен мүмкіндіктер елі ретінде қалыптасқан АҚШ-тың басты идеялық символы. Бұл арман америкалықтардың тұлғалық еркіндігін, заң үстемдігін және кәсіпкерлік рухын көрсетеді. Дүниежүзінен миллиондаған иммигранттар Америкалық арманды іздеп, АҚШ-қа келіп, өз еңбегімен табысқа жетуді көздейді. Бүгінде де АҚШ-та инноваторлар мен стартаптар көп шығуы осы идеалдың қоғам санасына сіңгенімен тікелей байланысты: әркім бай болуға, жетістікке жетуге ұмтылады, және қоғам бұл ұмтылысты қолдайды.

Германия – «тәртіп пен индустрия» моделі. Германияда бейресми «неміс арманы» тәрізді құндылықтар кешені қалыптасқан деуге болады, оның негізінде тәртіп, еңбекқорлық және сапа ұғымдары тұр. Неміс қоғамында дәлдік пен тәртіпке ерекше мән беріледі – бұл тек заңдарда емес, күнделікті мәдениетте көрінеді. Сонымен қатар, индустриализация дәстүрі мен техникалық инновацияны ұштастыру Германияны әлемнің өндірістік көшбасшыларының біріне айналдырды. Мысалы, Германия автомобиль, машина жасау, химия өнеркәсібінде жаһандық брендтер шығарды. Бұл табыстың идеологиялық астары – «алдымен сапа мен еңбек, сонда табыс өзі келеді» деген сенім.

Жапония – «инновация мен дәстүрдің үйлесімі». Жапония ерекше ұлттық синтез жасай алған ел, өйткені, бір жағынан, өте жылдам технологиялық прогреске қол жеткізді, екінші жағынан, бай дәстүрлері мен мәдениетін сақтап қалды. Жапон қоғамы жоғары технологияларды (автомобиль, электроника, робототехника) дамытуда алдыңғы қатарда, сонымен бірге ұлттық құндылықтары – еңбекқорлық, ұжымшылдық, үлкенді құрметтеу, самурайлық мұра – әлі күнге маңызын жоймаған. Жапонияның модернизациясы Мэйдзи дәуірінен бастап «Батыстың технологиясы + Шығыстың рухы» формуласына негізделді. Қазіргі заманда да Жапония әлемге дәстүр мен заманауилықтың үйлесімділігі қандай болатынын көрсетіп отыр: мысалы, Токио сияқты мегаполистерде неон шамды футуристік ғимараттар жанында дәстүрлі шинто храмдары қатар тұрады.

Қытай – «қарқынды даму стратегиясы». Қытайдың соңғы жарты ғасырдағы дамуы экономикалық өсім мен ұлттық жаңғыру идеясына негізделген. ҚХР төрағасы Си Цзиньпин жариялаған «Қытай арманы» елдің ұлы жаңғыруын, қытай ұлтының қайта өрлеуін білдіреді. Бұл концепцияның мәні – Қытайды орташа ауқатты қоғамға айналдырып, ғасыр ортасына қарай толық дамыған қуатты держава ету. Іс жүзінде Қытай арманы экономикалық прагматизмге сүйенеді: жоғары өсім, инфрақұрылымдық революция (жылдам трассалар, пойыздар, мегаполистер), ғылыми-техникалық инновация (ғарыштық бағдарламалар, цифрландыру) және халықтың өмір сүру деңгейін көтеру. Мемлекеттің жетекші рөлі – Қытай моделінің айрықша белгісі. Жеке сектор мен нарық механизмдері бар болғанмен, стратегиялық бағытты мемлекеттік жоспарлау айқындайды.

Оңтүстік Корея – «халықтық модернизация». Оңтүстік Корея бірнеше онжылдық ішінде аграрлы кедей елден жоғары технологиялы индустриялы державаға айналған таңғаларлық мысал. Бұл құбылыс «Хан өзеніндегі ғажап» (Miracle on the Han River) деген атаумен белгілі. Кореяның ұлттық идеологиясы ретінде XX ғасырдың екінші жартысында дамуды сынақ ретінде қабылдап, бүкіл халықты жұмылдыру бағыты басым болды. Президент Пак Чон Хи кезеңінде басталған Сэмауль Ұндонг (Saemaul Undong – «Жаңа ауыл қозғалысы») бағдарламасы ауылдық жерлерді жаңғыртып, ауыл мен қала арасындағы алшақтықты қысқартты, миллиондаған адамды кедейліктен шығарды. Корея қоғамында білім культі қалыптасты – ата-аналар балаларын ең үздік университеттерге түсіруге ұмтылды, мемлекет техникалық мамандықтарды дамытуға күш салды. Сондай-ақ, корпоративтік патриотизм (Samsung, LG, Hyundai секілді алып корпорациялар ұлттық мақтанышқа айналды) және еңбекқорлық мәдениеті орнықты.

Осы аталған мысалдар ішінде бізге үлгі аларлығы меніңше жапондық және кореялық құндылықтар. Жапон тәжірибесі Қазақстан сияқты өз мәдениеті бар, бірақ жаһандану ықпалына ұшырап жатқан елге құндылықтарды сақтай отырып инновация жолына түсуге болатындығын дәлелдейді.

Ал Оңтүстік Кореяның «халықтық модернизация» тәжірибесі көрсеткендей, көреген басшылық, жоспарлы экономика және халықтың білімге, еңбекке жұмылуы кедейлікті жеңіп, елді гүлдендіре алады. Яғни “қазақстандық арман” тұжырымдамасының құндылықтары нақты еліміздің әр азаматы түсінетін, сенетін, ұмтылатын, қолдайтын, қолданысқа алатын, жұмыла кірісетіндей болу керек. Егер тұжырымдамада бұл болмаса қалғанның бәрі бекер.

Сіз қалай ойлайсыз?

Өзгелердің жаңалығы