Қазақстан қандай да бір одақтас мемлекет құруға немесе құрамына кіруге ниетті емес

26 Мамыр 2023, 10:22
1766
Бөлісу:
Қазақстан қандай да бір одақтас мемлекет құруға немесе құрамына кіруге ниетті емес
Фото: facebook.com/ruslan.zheldibay/

Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Facebook-тегі парақшасында хабарлады, деп жазады BAQ.KZ.

Желдібайдың сөзінше, Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеу қаласында өткен II Еуразиялық экономикалық форумда бүгінде сарапшылар қауымдастығы кеңінен талқылап жатқан бірқатар мәлімдеме жасады. Президент ЕАЭО аясындағы интеграция тек қана экономикалық сипатта ғана жүруі керек екенін алға тартқан болатын.

Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы жақында Мәскеу қаласында өткен II Еуразиялық экономикалық форумға қатысты. Президент жиын барысында бүгінде сарапшылар қауымдастығы кеңінен талқылап жатқан бірқатар мәлімдеме жасады. ЕАЭО аясындағы интеграция тек қана экономикалық сипатта ғана жүруі керек. Бұл – Президенттің негізгі ұстанымы. Оның шеңберінен шығу ұйымның жарғылық құжаттарының мақсаттарына, принциптері мен міндеттеріне қайшы келеді. Президент атап өткендей, экономикалық интеграция – бұл түпкі мақсат емес, ол экономиканы дамытудың және халықтарымыздың әл-ауқатын арттырудың негізгі құралдарының бірі. Яғни, ұйым аясында қабылданатын кез келген шешім оның әрбір мүшесіне және, ең алдымен, олардың азаматтарына пайдасын тигізуі тиіс, - деп жазды ол.

Сонымен қатар Президенттің баспасөз хатшысы Қазақстан қандай да бір одақтас мемлекеттер құруға немесе олардың құрамына кіруге ниетті емес және оны жоспарлап отырған жоқ екенін атап өтті.

Сонымен қатар түрлі деңгейдегі интеграция мәселесі қозғалды. Бүгінде ЕАЭО-ның екі мүшесі – Ресей мен Беларусь өзара ықпалдастықтың жоғары деңгейіне шықты. Бұл – ерекше прецедент. Мемлекет басшысының пайымынша, шын мәнінде, бір халық және бір мемлекет туралы сөз болып отыр. Осы ретте мүлде басқа мақсаттарды көздеген екі түрлі интеграциялық жоба шеңберіндегі бастамалардың ара-жігін ажырату аса маңызды. 
Біздің елімізге келетін болсақ, Қазақстан қандай да бір одақтас мемлекеттер құруға немесе олардың құрамына кіруге ниетті емес және оны жоспарлап отырған жоқ, - деп түйіндеді Желдібай.

Айта кетейік, кеше Президент «Көпполярлы әлемдегі еуразиялық интеграция» атты Еуразиялық экономикалық форумының пленарлық отырысына қатысты. Саммит барысында Тоқаев ЕАЭО құрылғаннан бері Қазақстанның Одаққа мүше өзге елдермен арадағы тауар айналымы 74 пайызға ұлғайғанын атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы