Қазақстан-Португалия ынтымақтастығының келешегі талқыланды

11 Ақпан 2023, 13:33
855
Бөлісу:
Қазақстан-Португалия ынтымақтастығының келешегі талқыланды
Фото: СІМ

Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко екіжақты қатынастардың өзекті мәселелерін талқылау мақсатында Португалия елшісі Мария де Фатима Мендешпен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесу аясында Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің келесі аптада Лиссабонға сапарының күн тәртібіне ерекше назар аударылды.

Дипломаттар сапар барысында Қазақстан сыртқы саяси ведомствосы басшысының португал әріптесімен және осы ел басшылығының басқа да өкілдерімен жоспарланған келіссөздері, сондай-ақ «Қазақстан-Португалия» парламенттік достық тобының мүшелерімен және бірқатар португал компанияларының басшыларымен кездесулері екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға елеулі серпін беретініне сенім білдірді.

Жалпы, тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық, құқықтық салаларда, сондай-ақ білім және ғылым саласында бірқатар келісімдерге қол қоюды қамтитын екіжақты шарт-құқықтық базаны кеңейту жұмысын жандандырудың маңыздылығын атап өтті.

Тараптар елдер арасындағы тауар айналымының өсу серпінін атап өтті. Өткен жылдың соңында бұл көрсеткіш 30,6 млн АҚШ долларын құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 53%-ға өсті.

Сұхбат барысында туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері де талқыланды. «Kazakh Tourism» және «Turismo de Portugal» арасында қол қойылуы жоспарланған өзара түсіністік меморандумы осы бағыттағы маңызды қадам болады.

Өзгелердің жаңалығы