Қазақстан мен Пәкістан сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі, деп хабарлайды BAQ.KZ министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Астанада Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Пәкістан Ислам Республикасының ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті елшісі Науман Башир Бхаттимен кездесу өткізді.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін, оның ішінде өзара сауданы жандандыруға және мүдделі компаниялар арасында тиімді қатынастарды орнатуға бағытталған нақты шараларды талқылады.
Министр атап өткендей, екі ел арасындағы инвестициялық қатынастардың әлеуеті зор. Қазақстан энергетика, агроөнеркәсіптік кешен, мұнай-химия, цифрландыру және т. б. салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі.
Өз кезегінде Бхатти мырза Ислам Республикасы белгіленген бағыттары бойынша, оның ішінде IT саласындағы екіжақты экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін хабарлады.
Сондай-ақ тараптар төмен көміртекті саясатты іске асыру шеңберінде "жасыл" экономиканы дамыту мәселелерін талқылады. Науман Башир Бхатти 2023 жылға арналған Жасыл климат қорының (GFR) тең төрағасы болып табылады.
2022 жылы Қазақстан-Пәкістан арасындағы екіжақты тауар айналымы $73,2 млн долларды құрады. Экспорт – $35,9 млн. Импорт- $37,3 млн.
Биыл қаңтар-маусым айларында екі мемлекет арасында $28,3 млн сауда жасалды.