Қазақстан өзекті мәселелерді талқылайтын тиімді алаң – БРИКС-ке қосылуға мүдделі

3 Маусым 2023, 21:49
905
Бөлісу:
Қазақстан өзекті мәселелерді талқылайтын тиімді алаң – БРИКС-ке қосылуға мүдделі
Фото: ҚР СІМ баспасөз қызметі

ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров Оңтүстік Африканың Кейптаун қаласында өткен БРИКС+ форматындағы сыртқы істер министрлерінің кездесуіне қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Жоғарыда аталған іс-шараға БРИКС-ке мүше мемлекеттер (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка) және арнайы шақырылған елдер – «БРИКС достары» (Қазақстан, Аргентина, Бангладеш, Бурунди, Габон, КДР, Мысыр, Иран, Индонезия, Комор аралдары, БАӘ, Сауд Арабиясы, Уругвай) қатысты. Қазақстан осы форумға АӨСШК-нің қазіргі төрағасы және ШЫҰ-ның болашақ төрағасы ретінде шақырылды.

Министрлік форумы «Өзара жеделдетілген өсуді, тұрақты дамуды және инклюзивті көпжақтылықты қамтамасыз ету үшін ынтымақтастықтан ұжымдық әрекетке көшу» ұранымен өтті.

Қазақстан өзекті мәселелерді талқылайтын тиімді алаң – БРИКС-ке қосылуға мүдделі

Өз сөзінде Омаров қазіргі заманның өзекті мәселелерін шешу мақсатында ұжымдық күш-жігердің маңыздылығын атап өтті. Осы ретте ол ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған бастамаларын, атап айтқанда, Орталық Азия мен Ауғанстан елдері үшін Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ өңірлік хабын және Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттікті құру бойынша бастамаларын еске салды.

Қазақстандық дипломат форум қатысушыларының назарын халықаралық құқық және БҰҰ Жарғысы қағидаттарына негізделген БРИКС, АӨСШК мен ШЫҰ-ның мақсаттары, міндеттері мен қағидаттарының синергиясына аударды. Ол ҚР мен БРИКС-ке мүше елдер арасында сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жоғары деңгейіне қол жеткізілгенін атап өтті. Бұған 2022 жылы 50 млрд АҚШ долларынан асқан осы бірлестіктің мемлекеттерімен Қазақстанның жиынтық тауар айналымы дәлел болып табылады.

Қазақстан өзекті мәселелерді талқылайтын тиімді алаң – БРИКС-ке қосылуға мүдделі

Қазақстан Республикасы дамушы экономикалар ынтымақтастығының үлгісін көрсете отырып, қазіргі заманның өзекті мәселелерін талқылау үшін пәрменді және тиімді алаңға айналған БРИКС-ке қосылуға мүдделі, – деп атап өтті Омаров.

БРИКС министрлік кездесуі аясында Қазақстан СІМ өкілі Оңтүстік Африка Республикасының Халықаралық қатынастар және ынтымақтастық министрі Наледи Пандормен келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында Қ. Омаров Оңтүстік Африка министріне Мемлекет басшымыздың Оңтүстік Африка Президенті Сирил Рамапосаға жолдаған хатын тапсырды. Тараптар елдер арасындағы екіжақты саяси-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру, көпжақты форматтағы тығыз өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады, сондай-ақ өзара қызығушылық тудыратын өзекті халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша пікір алмасты.

Сондай-ақ Омаров министрлік отырысына қатысқан басқа делегациялардың басшыларымен де кездесулер өткізді.

Өзгелердің жаңалығы