Қазақстан-Өзбекстан шекарасынан өту оңайлай түседі

Қазақстан мен Өзбекстан шекарадағы өзара іс-қимылдың жаңа тәртібін бекітеді.

Бүгiн 2026, 10:49
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов Бүгiн 2026, 10:49
Бүгiн 2026, 10:49
164
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Парламент Сенатының жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасындағы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасының режимі туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Андрей Лукиннің айтуынша, заң 2024 жылғы 8 тамызда Астанада қол қойылған келісімді ратификациялауға бағытталған.

Оның сөзінше, құжат 2001 жылғы 16 қарашада жасалған Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекара туралы шарттың ережелерін іске асыру мақсатында әзірленген.

Сондай-ақ ол Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасын демаркациялау үдерісі аяқталып, 2022 жылғы желтоқсанда тиісті демаркациялау туралы шартқа қол қойылғаннан кейін әзірленген.

Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасындағы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасының режимі туралы келісім екі мемлекет арасындағы мемлекеттік шекарадағы қатынастарды реттеудің бірыңғай халықаралық-құқықтық негізін қалыптастырады, – деді Лукин.

Келісімге сәйкес мемлекеттік шекара мен шекара белгілерін күтіп-ұстау тәртібі, адамдарды, көлік құралдарын, жүктерді және өзге де мүлікті мемлекеттік шекара арқылы өткізу қағидалары айқындалады.

Сондай-ақ шекара маңындағы аймақта ұшуларды жүзеге асыру, шаруашылық және өзге де жұмыстарды жүргізу тәртібі, шекаралық оқиғалардың алдын алу және оларды реттеу тетіктері белгіленеді.

Сенаттың бейінді комитетінің мәліметінше, келісімді қабылдау Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін нығайтуға, шекара маңындағы ынтымақтастықты дамытуға, екі мемлекеттің құзыретті органдары арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға, сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестік пен тату көршілік қатынастарды одан әрі нығайтуға ықпал етеді.

Талқылау қорытындысы бойынша Сенат депутаттары заңды мақұлдады.

Наверх