ОПЕК+ құрамындағы жеті ел 2026 жылдың қазан айында мұнай өндіру көлемін қыркүйекке арналған жоспарда белгіленген деңгейде сақтауға келісті. Мұндай шешім 6 қыркүйекте өткен онлайн-кездесу барысында қабылданды, деп хабарлады ұйым.
Талқылауға Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Кувейт, Қазақстан, Алжир және Оман қатысты. Бұған дейін бұл мемлекеттер 2023 жылдың сәуірі мен қарашасында мұнай өндіру көлеміне қосымша ерікті түзетулер енгізетінін жариялаған болатын.
6 қыркүйекте бұған дейін 2023 жылдың сәуірі мен қарашасында қосымша ерікті түзетулер енгізетінін жариялаған ОПЕК+ құрамындағы жеті ел – Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Кувейт, Қазақстан, Алжир және Оман әлемдік нарықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективасын талқылау үшін онлайн-кездесу өткізді. Қатысушы жеті ел 2026 жылдың қыркүйегіне арналған жоспарды орындау үшін белгіленген мұнай өндіру көлемін қазан айында да сақтау туралы шешім қабылдады, – делінген хабарламада.
Осылайша, қазан айында келісімге қатысушы елдер қыркүйек жоспарына сәйкес белгіленген мұнай өндіру деңгейін сақтайды.
Қыркүйекте Қазақстан мұнай өндіру көлемін тамызбен салыстырғанда тәулігіне 10 мың баррельге арттырды. Мұнай өндіру көлемі тәулігіне 1,628 млн баррельді құрады.
Жеті мемлекет Ынтымақтастық туралы декларацияны толық орындауға бейілді екенін де растады. Қатысушылар әлемдік мұнай нарығындағы жағдай мен оның келешегін бағалау үшін ай сайын кездесуді жалғастырады. ОПЕК+ құрамындағы жеті елдің келесі кездесуі 4 қазанға жоспарланған.