ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жаңа эпидемиологиялық маусымда қазақстандықтар қандай тұмау штамдарынан сақтануы керектігін ескертті.
2025-2026 жылдардағы эпидемиологиялық маусымда Қазақстанда 4,38 млн жедел респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) жағдайы тіркелген. Зертханалық расталған тұмау жағдайларының ішінде A/H3N2 гонконгтік тұмауы – 3022, В тұмауы – 26, A/H1N1 шошқа тұмауы – 7 жағдайда анықталған.
Мамандардың айтуынша, гонконгтік және шошқа тұмауы ауыр өтіп, пневмония және жедел тыныс алу жеткіліксіздігі сияқты асқынуларға әкелуі мүмкін.
Комитеттің бас сарапшысы Салтанат Беккожинаның айтуынша, бұл жаңа вирус емес. Ауру дене қызуының күрт көтерілуі, бас және бұлшықет ауыруы, қалтырау және дененің сырқырауы сияқты тұмауға тән белгілермен сипатталады.
Сонымен қатар өткен маусымда риновирус, аденовирус, маусымдық коронавирус, парагрипп және РС-вирусы да жиі анықталған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2026-2027 жылдардағы маусымға арналған тұмауға қарсы вакциналардың құрамын жаңартып, A(H1N1)pdm09, A(H3N2) және В тұмауына қарсы компоненттерді енгізді.