Қазақстан неміс тілін танымал етуге қолдау көрсетуге дайын – Тілеуберді

31 Қазан 2022, 12:45
709
Бөлісу:
Қазақстан неміс тілін танымал етуге қолдау көрсетуге дайын – Тілеуберді
Фото: автордан

Қазақстан мен Германия халықтарының достығын сақтау үшін  «жанды көпірді» одан әрі күшейтіледі. БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Біз неміс тарапының Астанада сутегі дипломатиясы Кеңсесін ашу ұсынысын құптаймыз. Бербок ханым, бұл бастамаңыз үшін алғыс айтамыз және оны жан-жақты қолдауға дайынбыз. Тағы бір өте маңызды сала – мәдени-гуманитарлық өзара байланыс. Қазақстанда 200 мыңға жуық этникалық немістер тұрады. Қазіргі таңда  Германияда 1 миллионға жуық неміс ұлтты бұрынғы отандастарымыз тұрып жатыр. Біз халықтар арасындағы достықты сақтау үшін осы «жанды көпірді» одан әрі күшейткіміз келеді. Осы тұрғыда Қазақстанда неміс ұлтының тілі мен мәдениетін сақтау мәселесінде Алматыдағы Қазақ-Неміс университеті мен Неміс театрының, Астанадағы Қазақ-неміс орталығының және «Видергебурт» қоғамдық қорының үлкен практикалық маңызын атап өткім келеді, - деді ҚР Сыртқы істер министрі.

Сондай-ақ министрдің мәлімдеуінше, Қазақстан студенттер мен оқушылар арасындағы академиялық алмасу бағдарламаларын қолдайды. 

Білім беру бағдарламалары арқылы, Қазақстан Республикасында жетекші неміс университеттерінің өкілдіктерін ашу және Германия үлгісі бойынша жоғары білікті кадрларды кәсіби оқытудың дуалды жүйесін дамыту арқылы неміс тілін танымал етуге қолдау көрсетуге дайынбыз. Қазақстан неміс әріптестерімен және Орталық Азиядағы көршілерімен бірлесе аймақтық және жаһандық климаттық қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселелерінде белсенді ынтымақтасуға дайын. Осы тұрғыда Германия Сыртқы істер министрлігіне «Жасыл Орталық Азия» бастамасы үшін алғыс айтамыз, - деді ол.

Сонымен қатар Мұхтар Тілеуберді екіжақты өткен кездесуді нәтижелі бағалап, екі елдің байланысын жаңа деңгейге көтерілетініне сенім білдірді.

Өңірлік ынтымақтастық туралы айтатын болсақ, біз Ауғанстандағы аймақтық қауіпсіздік пен ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері бойынша ынтымақтастыққа дайынбыз. Қорытындылай келе, Бербок ханыммен өткен келіссөздерді нәтижелі деп бағалап, олардың қорытындылары екіжақты байланыстарды жаңа деңгейге шығаруға серпін беретініне сенім артамын, - деді ведомства басшысы.

Өзгелердің жаңалығы