Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің өкілдері Үкіметте өткен брифингте Қазақстанда төртінші ұялы байланыс операторы қашан келеді деген сауалға жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсыновтың айтуынша, бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр.
Министрлік ретінде біз қазір шетелдік өзге компаниялардың нарығымызға кіруіне барынша қолайлы жағдай жасау үшін жұмыс жүргізіп жатырмыз, – деді Байтұрсынов.
Ал Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сенбеков қазіргі таңда елде төртінші ұялы байланыс операторының пайда болуына белгілі бір шектеулер кедергі келтіріп отырғанын айтты.
Ұялы байланыс нарығына келсек, бүгінде бізде үш оператор бар. Көрші елдерде олардың саны екіден төртке дейін жетеді. Қатарлық инвестордың Tele2 компаниясын сатып алу мәмілесінен кейін үкіметаралық келісімге қол қойылды. Соған сәйкес, осы жылдың соңына дейін 5G лицензияларын бере алмаймыз және жаңа ұялы байланыс операторларын құра алмаймыз. Әзірге бұл мәселе талқыланып жатқан жоқ. Сонымен қатар біз байланыс операторларын, соның ішінде шетелдік компанияларды да белсенді түрде тартып жатырмыз, – деді ол.
Комитет төрағасының пікірінше, қазір азаматтардың байланыс операторын таңдау мүмкіндігі бар.
Біз бүгінде азаматтарымыздың таңдау мүмкіндігі бар деп есептейміз. Нарықта үш ұялы байланыс операторы белсенді бәсекелесіп отыр. Қазіргі сәтте төртінші оператор пайда бола ма, жоқ па деген мәселені талқылау орынсыз. Өйткені бізде белгілі бір шектеулер бар, – деп түйіндеді спикер.