Шешім 7 маусым күні өткен онлайн-кездесу барысында қабылданды. Келісімге сәйкес, Қазақстан, Ресей, Сауд Арабиясы, Ирак, Кувейт, Алжир және Оман мұнай өндіру көлемін тәулігіне қосымша 188 мың баррельге арттырады. Жаңа квоталар 2026 жылдың шілде айынан бастап күшіне енеді.
ОПЕК+ мәліметінше, бұл қадам әлемдік мұнай нарығындағы тұрақтылықты сақтауға бағытталған. Альянсқа қатысушы елдер нарықтағы жағдайды тұрақты бақылауда ұстайтынын және қажет болған жағдайда өндіріс көлемін реттеу бойынша шешім қабылдайтынын мәлімдеді.
Сондай-ақ қатысушылар Мұнай нарығын тұрақтандыру жөніндегі ынтымақтастық декларациясы аясындағы міндеттемелерін орындауға бейілді екенін растады. Оның ішінде ерікті түрде енгізілген өндірістік шектеулерді сақтау және белгіленген деңгейден артық өндірілген көлемдерді толық өтеу міндеті бар.
ОПЕК+ елдері 2024 жылдың қаңтарынан бері артық өндірілген мұнай көлемін өтеу мерзімін 2026 жылдың желтоқсанына дейін ұзартуға келісті. Бұл үдерісті Бірлескен министрлік мониторинг комитеті (JMMC) қадағалайтын болады.
Бұдан бөлек, жеті мемлекет мұнай нарығындағы ахуалды, қабылданған келісімдердің орындалуын және өтемақы міндеттемелерінің сақталуын бағалау үшін ай сайын кездесулер өткізу туралы уағдаласты. Келесі кездесу 2026 жылдың 5 шілдесіне жоспарланған.
Айта кетейік, осыған ұқсас шешім мамыр айында да қабылданған болатын. Сол кезде Қазақстан мен тағы алты ел өндіріс көлемін тәулігіне шамамен 188 мың баррельге ұлғайту туралы келіскен еді. Ол түзету 2026 жылдың маусым айынан бастап қолданысқа енгізілді.
Сонымен қатар бұған дейін Біріккен Араб Әмірліктері 2026 жылғы 1 мамырдан бастап ОПЕК пен ОПЕК+ құрамынан шығатынын жариялаған болатын. Ел билігі бұл шешімді энергетика секторын дамыту және ішкі өндірістік қуаттарды арттыру стратегиясымен байланыстырды.
Сарапшылардың пікірінше, ОПЕК+ шешімі әлемдік мұнай нарығындағы сұраныс пен ұсыныс теңгерімін сақтауға және қатысушы елдердің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етуі мүмкін.
Біз бұған дейін Қазақстан үшін бұл шешім қандай экономикалық пайда әкелетіне тоқталған едік.