Қазақстан мен Үндістан цифрлық криминалистика саласында мамандарды қос дипломды бағдарлама бойынша даярлауды бастады. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі хабарлады.
Қазақстан ІІМ Басқару академиясында еліміздің күштік құрылымдары жүйесінде алғаш рет цифрлық криминалистика бойынша қос дипломды білім беру бағдарламасы іске қосылды. Бағдарламаның ресми тұсаукесеріне Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Ержан Саденов пен Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушы Саясат Нұрбек, сондай-ақ Үндістанның Ұлттық сот сараптамасы университеті (NFSU) мен ҚР ІІМ Басқару академиясының басшылығы және профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты. Жоба Ғылым және жоғары білім министрлігі және Үндістанның Ұлттық сот сараптамасы университетімен бірлесіп жүзеге асырылуда, – делінген министрлік хабарламасында.
Бағдарламаға сәйкес, ҚР ІІМ Басқару академиясының 20 магистранты цифрлық криминалистика, киберқауіпсіздік, сот сараптамасы және қылмыстарды тергеудің заманауи әдістері бағыттары бойынша білім алады.
NFSU – Үндістандағы сот сараптамасы, криминология, цифрлық криминалистика және киберқауіпсіздік салаларында мамандар даярлап, ғылыми зерттеулер жүргізетін мамандандырылған университет.
Екі ел арасындағы ынтымақтастық қазақстандық мамандарға халықаралық тәжірибе мен цифрлық ортадағы қылмыстарды тергеуге қажетті заманауи практикалық білім алуға мүмкіндік береді.
Оқу аяқталғаннан кейін түлектер екі университеттің дипломын алады.