Қазақстан мен Түркия шекарасындағы кедендік бақылау жеңілдейді

7 Қыркүйек 2023, 10:14
790
Бөлісу:
Қазақстан мен Түркия шекарасындағы кедендік бақылау жеңілдейді
Фото: BAQ.KZ - архив

Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы ақпарат алмасуды ұйымдастыру және кедендік бақылау рәсімдерін оңайлату туралы келісімді ратификациялау туралы» заң мақұлданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айта кетерлігі, еліміздің Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы ақпарат алмасуды ұйымдастыру және кедендік бақылау рәсімдерін оңайлату туралы келісімге Мемлекет басшысы 2022 жылғы 10 мамырда Анкараға жасаған сапарында қол қойылған.

Келісімді ратификациялау, екі мемлекеттің арасында өткізілетін тауарлар мен көлік құралдары бойынша мәліметтермен электрондық алмасу арқылы кедендік бақылаудың тиімділігін арттыруға және жүргізу мерзімдерін қысқартуға бағытталған. Осылайша, кедендік бақылау рәсімдерін оңайлату және сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасау көзделген, - деп атап өтті сенатор Бекболат Орынбеков.

Қаралып отырған заңның ережелеріне сәйкес ақпарат алмасу, сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға бірқатар артықшылықтар қарастырылған. Олар:

Өткізу пункттерінде шекарадан өтудің басым тәртібін жүзеге асыруды;

Кедендік бақылау уақытын қысқарту мақсатында кедендік формальдықтарды оңайлатуды;

Кеден ісі саласында құқық бұзушылықтардың және контрабанданың белгілері болған жағдайларды қоспағанда, өткізу пункттерінде кедендік жете тексеруден босатуды көздейді.

Бұған қоса, берілетін мәліметтердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, тараптардың уәкілетті органдары ақпарат алмасудың техникалық шарттарын жеке әзірлейтін болады.

Сонымен қатар ережеде кеден органдары аталған құжаттың шарттары орындалуы үшін мағлұматтармен бөлісуге жауапты және тікелей байланыстарды жүзеге асыруға уәкілеттік берілген құзыретті лауазымды адамдардың тізімі айқындалады.

Өзгелердің жаңалығы