Қазақстан мен Түрікменстан президенттері БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді

15 Қазан 2022, 15:14
1379
Бөлісу:
Қазақстан мен Түрікменстан президенттері БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді
Фото: Ақорда

Шағын және кеңейтілген құрамда өткен келіссөздерден кейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін брифинг өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Ақорданың ресми сайты мәлімдейді.

Мемлекет басшысы, ең алдымен, Түрікменстан Президенті ретінде Қазақстанға алғаш рет мемлекеттік сапармен келгені үшін Сердар Бердімұхамедовке шынайы ризашылығын білдірді.Сондай-ақ Түрікменстан біз үшін салт-дәстүрі, мәдениеті, тілі мен діні ұқсас бауырлас ұлт әрі сенімді серіктес екенін атап өтті.

 Біз – түбі бір түркі халықтарымыз. Әрдайым бір-бірімізге қолдау көрсетіп келеміз. Осындай құндылықтар – ең басты байлығымыз. Сондықтан бауырластық қарым-қатынасты нығайту – ортақ парызымыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент бүгін Сердар Бердімұхамедовпен екі елдің мүддесіне сай келетін аса маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілгенін, халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер бойынша пікір алмасқанын мәлімдеді. Сондай-ақ кездесу нәтижесінде Бірлескен мәлімдеме қабылданып, бірқатар құжаттарға қол қойылды.

Қазақстан мен Түрікменстан президенттері БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді

  Мен бүгінгі келіссөздердің нәтижесін жоғары бағалаймын. Бүгін біз қазақ-түрікмен қарым-қатынасының стратегиялық маңызын тағы да нақтыладық. Екі тарап та бауырлас халықтарды одан әрі жақындатуға талпыныстарын білдірді. Біз достық ниеттегі әрі өзара тиімді жан-жақты ынтымақтастығымызды одан әрі күшейтудің басымдықтарын анықтадық. Сауда-экономикалық серіктестікке айрықша назар аударылды. Бірлескен шаралардың арқасында былтыр екіжақты тауар айналымы екі есе өсіп, 250 миллион доллардан асты. Бұл бағыттағы оң динамика биыл да сақталды. Жеті айда өзара сауда-саттық көлемі 2 есе өсті. Екі елдің үкіметтері мен іскерлік топтары арасында байланыс жандана түсті. Экономиканың әртүрлі саласындағы бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр, – деді Мемлекет басшысы. 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, екі мемлекеттің сауда-экономикалық ынтымақтастығын кеңейте түсуге мүмкіндік мол. Мәселен, Қазақстан Түрікменстанға шығаратын экспортын 80 тауар түріне дейін ұлғайта алады. 

 Біздің мақсатымыз – өзара сауда-саттық көлемін алдағы жылдары 500 миллион долларға дейін арттыру, ал келешекте миллиард долларға жеткізу. Бұл үшін Тауар айналымын ұлғайту және жеткізілетін тауар номенклатурасын кеңейту жөніндегі жұмыс тобының қызметін жандандыруға тапсырма бердік. Екі елдің үкіметтері біздің тапсырмамыз бойыша осы мүмкіндіктерді қарастырады, – деді Президент. 

Өз кезегінде Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлығы және ашық әрі өзара түсіністік жағдайында өткен сындарлы келіссөздер үшін алғыс айтты. 

Қазақстан мен Түрікменстан президенттері БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді

 Қазақстан Президентімен кездесуіміз екі мемлекет басшыларының арасында барлық бағыт бойынша өзара қарым-қатынасты дамытуға ерік-жігер, дайындық, сондай-ақ оны жүзеге асыруға зор мүмкіндіктер бар екенін көрсетті. Мұны нық сеніммен айта аламын. Біз жаһандық күн тәртібіндегі маңызды бағыт саналатын тұрақты даму мен оның құрамдас бөлігі саналатын энергетикалық қауіпсіздік, халықаралық көлік-транзит жолдарын дамыту, экология және қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша ортақ іс-әрекеттерді үйлестіру ісін жалғастырамыз, – деді Түрікменстан Президенті.

Сондай-ақ Сердар Бердімұхамедов бүгінгі келіссөздер нәтижелі болғанын жеткізіп, Қазақстан Президентін Түрікменстанға кез келген қолайлы уақытта сапармен келуге шақырды. 

Өзгелердің жаңалығы