Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресеймен сауда-экономикалық байланыстарды нығайту бағытында белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Оның сөзінше, екі ел арасындағы тауар айналымын 30 миллиард долларға жеткізу көзделген.
– Сауда-саттыққа қатысты өте дұрыс айттыңыз. Біз 30 миллиард долларлық межеге қарай нық қадам басып келеміз. Үкіметаралық комиссия Сіздің биыл мамыр айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарыңыз кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырумен айналысып жатыр. Аталған сапар аясында көптеген маңызды құжатқа қол қойылды. Тағы бір цифр: күн тәртібінде 178 жоба болса, бүгінде оның 124-і жүзеге асырылды, ал қалғаны іске асырылу кезеңінде немесе таяу арада аяқталады. Мұның өзі өзара қарым-қатынасымыздың қарқыны өте жоғары екенін айғақтайды, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы сондай-ақ Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің, АҚШ Президенті Дональд Трамптың және Ресей Президенті Владимир Путиннің Шэньчжэнь қаласындағы үшжақты кездесуінің қорытындысына қатысты пікір білдірді.
– Сізді жуырда Қытайға жасаған сапарыңыздың табысты болуымен, сондай-ақ Шэньчжэнь қаласында өткен саммитке қатысуыңызбен құттықтаймын. Әрине, «үштіктің» отырысын қарап отырып, тарихтың осы бір күрделі кезеңінде, геосаяси ахуал шиеленісіп, тұрақсыздық белең алған сәтте Ресейдің ұлы держава ретінде алдыңғы қатарға шыққанына қуандым. Бұл, әрине, Владимир Владимирович, Ресей Президенті ретінде Сіздің зор еңбегіңіздің арқасы. Осы жайтқа шынайы қуандым. Ресей – ұлы ел. Мазмұны мен мәні тұрғысынан өте оңтайлы декларация қабылданды. Қазіргі әлемде бұдан зорын күту орынсыз болар еді. Байқауымша, аталған декларацияны әзірлеуге Өзіңіз тікелей атсалыстыңыз. Өйткені жазылу мәнері мен мазмұны маған таныс. Жиі айтып жүрген мәселелеріңіз осы құжаттың негізгі тармақтары ретінде енген екен. Бұл, әрине, ресейлік дипломатияның және Ресей мемлекетінің зор жетістігі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.