Қазақстан мен Қытай сауда-экономикалық зерттеулер туралы меморандумға қол қойды

18 Мамыр 2023, 09:24
632
Бөлісу:
Қазақстан мен Қытай сауда-экономикалық зерттеулер туралы меморандумға қол қойды
Фото: primeminister.kz

Серік Жұманғарин мен Ван Вэньтао сауда-экономикалық зерттеулер туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары аясында Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі мен ҚХР Коммерция министрлігі сауда-экономикалық зерттеулер саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа Қазақстан тарапынан Премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин, Қытай тарапынан – Қытайдың коммерция министрі Ван Вэньтао қол қойды.

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, меморандум Қазақстан-Қытай сауда-экономикалық ынтымақтастығын сапалы жаңа деңгейде одан әрі ілгерілетуге және дамытуға, оның ішінде екі елдің ғылыми ұйымдары арасындағы әріптестік байланыстарды үйлестіруге бағытталған.

Құжат «Сауда-экономикалық стратегиялар орталығы» Қоғамдық Қоры (Қазақстан) мен ҚХР коммерция министрлігінің Халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық академиясы арасында қажетті зерттеулер, бірлескен талдамалық және басқа да шолулар жүргізуді, озық тәжірибе мен ақпарат алмасуды көздейді. Зерттеу бағыттары – бизнес-ортаны жақсарту тұрғысынан екіжақты сауда, электрондық коммерцияны, Қазақстан мен Қытайдың транзиттік және логистикалық әлеуетін дамыту, арнайы экономикалық аймақтар институтын жетілдіру, «жасыл» даму, жаңа энергетика және екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың басқа да маңызды мәселелері.

Сондай-ақ өзара түсіністік туралы меморандум сауда-экономикалық зерттеулер саласындағы ынтымақтастықты ынталандыруға ықпал етуге және өзара сауданың әлеуетін арттырудың тәсілдері мен тетіктері бойынша ұсыныстар әзірлеуге, инновациялық дамуға жәрдемдесуге, жаңа технологияларды пайдалануға бағытталған және басқа да бірлескен іс-шараларды өткізу мүмкіндігі қарастырылған.

Өзгелердің жаңалығы