Қазақстан мен Қытай астық саудасына арналған цифрлық платформаны іске қосты

Жаңа платформа экспорттаушылар мен сатып алушылар арасында тікелей байланыс орнатуға ықпал етеді.

 Ауыл шаруашылығы министрлігі 5 Қыркүйек 2026, 02:25
5 Қыркүйек 2026, 02:25
27
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Қазақстан Қытайдың астық саудасы жөніндегі 8-конференциясында отандық агроөнеркәсіптік кешеннің экспорттық әлеуетін таныстырып, Қытаймен ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындады.

Қытайдың астық саласындағы негізгі кәсіби алаңы аталған елдің мемлекеттік органдары, ірі кәсіпорындары, ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының өкілдерін, сондай-ақ шетелдік серіктестерді бір арнаға тоғыстырды.

Іс-шара аясында екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды кеңейтуге және ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасын дамытудың жаңа тетіктерін қалыптастыруға арналған Қазақстан-Қытай астық кәсіпорындарының ынтымақтастығы жөніндегі конференция өтті.

Кездесуде ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара сауда көлемін арттыру, шекарааралық тасымалды дамыту, ауыл шаруашылығы саласына цифрлық құралдарды енгізу, сондай-ақ қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытай нарығында ілгерілету мәселелері әңгіме өзегіне айналды.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова екі елдің осы саладағы стратегиялық маңызын атап өтті.

Қытай Қазақстан үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін саудалайтын негізгі нарықтардың бірі ғана емес, сонымен бірге сауданы, инвестиция тартуды, тасымалды, өнімді қайта өңдеуді дамыту және заманауи цифрлық технологияларды енгізу бағытындағы маңызды серіктес.

Мемлекеттік органдар, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, астық саудасымен айналысатын компаниялар мен кәсіпкерлер арасындағы тікелей байланысты одан әрі нығайту өзара іс-қимылдың жаңа тиімді тетіктерін қалыптастыруға және екіжақты сауда көлемін арттыруға жол ашады, – деді вице-министр.

Қазақстан әлемдік азық-түлік нарығындағы орнын жүйелі түрде нығайтып келеді. Отандық ауыл шаруашылығы өнімдері әлемнің 70-тен астам еліне экспортталады.

Мұнда ең болашағы зор елдердің бірі – Қытай.

Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Қазақстаннан Қытайға агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 1,4 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 6,5 есе жоғары.

Ал биылғы қаңтар–маусым айларында Қытайға 1,1 млрд АҚШ доллары көлемінде ауыл шаруашылығы өнімдері шығарылды.

Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 2 есе көп.

Негізгі экспорттық тауарлар мал азығы, өсімдік майлары, майлы дақылдар мен дәнді дақылдар.

Тиімді әріптестік жолындағы басым бағыттардың бірі – қазақстандық компанияларды Қытайдың астық сауда алаңына қосу. Бұл Қытайдың 50 мың ауыл шаруашылығы кәсіпорнын біріктіреді және 20 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді. Аталған алаңды пайдалану нарыққа қатысушылар арасындағы тікелей байланысты кеңейтіп, қазақстандық өнімді Қытай нарығында ілгерілетуге қосымша мүмкіндік береді.

Астық саудасы өңірдегі азық-түлік нарықтарының тұрақтылығын қамтамасыз етуде стратегиялық маңызға ие.

Өндірістік және экспорттық әлеуеті жоғары Қазақстан Қытай нарығына астық, ұн, майлы дақылдар, сондай-ақ терең өңделген өнімдерді жеткізу көлемін одан әрі арттыруға мүдделі.

Тұрақты тасымал бағыттарын дамыту және екі ел кәсіпорындарының тікелей байланысын кеңейту маңызды міндет болып қала береді.

Біздің еліміз Қытайды ұзақ мерзімді негізгі серіктестерінің бірі ретінде қарастырады.

Ынтымақтастық ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасымен ғана шектелмейді. Ол инвестиция тарту, тасымал инфрақұрылымын дамыту, өнімді қайта өңдеу, цифрландыру және тауарларды нарыққа шығарудың жаңа жолдарын қалыптастыру бағыттарын да қамтиды, – деді Назгүл Хатепова.

Конференция барысында Қытайға ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу көлемін арттыру, экспорттық және шекарааралық тасымалды кеңейту, өнімді қайта өңдейтін кәсіпорындарды дамыту, саудада цифрлық құралдарды қолдану, сондай-ақ кәсіпорындар арасындағы тікелей іскерлік байланысты нығайту мәселелері талқыланды.

Конференция соңында тараптар өзара сауданы кеңейтуге қолайлы жағдай жасау, шекарааралық және экспорттық тасымалды дамыту, ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуді жолға қою, кәсіпорындар арасындағы тікелей байланысты кеңейту және цифрлық технологияларды енгізу бағытындағы тәжірибелік жұмысты жалғастыруға дайын екендерін жеткізді.

Наверх