Қазақстан мен Қатар мұнай-химия, көлік, қаржы және басқа да салаларда 9 бірлескен нақты инвестициялық жобаны іске асыруды көздейдіБұл туралы Сенат депутаты Бибігүл Аққожина мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сіздердің қарауларыңызға Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы басым салалардағы жобаларды дамыту үшін ұзақмерзімді стратегиялық әріптестік орнату туралы келісімді ратификациялау туралы заң ұсынылады. Келісім еліміздің аумағындағы: телекоммуникация, энергетика, мұнай-химия, көлік, қаржы және басқа да салаларда 9 бірлескен нақты инвестициялық жобаны іске асыруды көздейді, - деді Аққожина.
Сенатор келісім аясында қандай жобалардың бар екенін атап өтті.
"Қашаған" кен орнындағы газ өңдеу зауыттарын, Қостанай облысындағы компрессорлық станция мен магистральдық газ құбырын, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісін, Ертіс өзеніндегі су электр станциясын, Қызылорда облысындағы электр станциясын салу жөніндегі жобалар, сондай-ақ, «Береке Банк» акционерлік қоғамының 100 пайыз акциясын және «Мобайл Телеком-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 100 пайыз қатысу үлесін сатып алу бойынша жобалар, - деді ол.
Аққожина келісімде ел үкіметінің бірқатар міндеттемесі көзделгенін айтады.
Мәселен, үкімет келісімнің шарттарын өзгерте, кедергі келтіретін және жоя алатын заңнамалық актілерді қабылдай алмайды. Бұған қоса, Қазақстан Үкіметі стратегиялық инвестициялық жобаларды іске асыру барысында қолданыстағы ұлттық заңнамаға өзгерістер енгізуді талап ету мүмкіндігімен келіседі және мемлекеттік мүдделерді ескере отырып, тиісті түзетулерді іске асыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды. Қатар Мемлекетінің Үкіметі инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында даму институттарынан немесе басқа да қатарлық инвесторлардан инвестициялар және немесе қаржыландыру тарту үшін жобаларға кешенді тексеру жүргізіліп болған соң, көмек көрсете алады, - деді сенатор.
Екі ел арасындағы қызығушылық танытқан инвестициялық жобалар талаптарға сай болуы және белгілі бір кірістілік деңгейіне жетуі қажет.
Келісім шеңберінде Қазақстан Республикасы стратегиялық инвестициялық жобаларды іске асыруға жәрдемдесу үшін жабдықтарды, шикізаттар мен материалдарды әкелу кезінде кедендік баждарды төлеу жөніндегі міндеттемелерден босату, сондай-ақ Қазақстан заңнамасында көзделген салықтық жеңілдіктер беретін болады. Бұл ретте инвестор осы келісім күшіне енген күннен кейін қандай да бір жаңа салықтарды төлеуге немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында енгізілген қандай да бір басқа төлемдерді жүзеге асыруға міндетті емес, - деді Бибігүл Аққожина.
Стратегиялық инвестициялық жобаларды іске асыру кезеңінде және одан кейінгі 20 жылда Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасы инвесторларға қолданылмайды.
Келісім еліміздің аумағында инвестициялау кезінде инвесторлардың тәуекелдерін болдырмайды. Мемлекеттік немесе қоғамдық мақсаттар үшін шаралар қабылданатын жағдайларды қоспағанда, аталған қаражатты экспроприациялауға, мемлекет меншігіне алуға, реквизициялауға немесе қандай да бір өзге шараларға ұшырамайды. Келісімге сәйкес, қажет болған жағдайда Тараптар стратегиялық инвестициялық жобаларға қатысты жеке үкіметаралық келісім жасай алады. Бұдан басқа, Келісімге қосымшада мүдделі тараптар арасындағы жекелеген келісімдерді іске асыруға жоспарланатын стратегиялық инвестициялық жобалардың тізбесі айқындалған. Келісімді жүзеге асыру жалпы сомасы шамамен 20 миллиард АҚШ долларына жететін инвестицияларды тартуға мүмкіндік береді деп күтілуде, - деді Сенат депутаты.