Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Қазақстан Республикасы менн Өзбекстан Республикасы арасындағы одақтастық қатынастар туралы шарт жобасын дайындады деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы одақтастық қатынастар жан-жақты ынтымақтастық, сенім, теңдік және ұлттық мүдделерді өзара есепке алу, тәуелсіздікті, егемендікті, аумақтық тұтастық пен мемлекеттік шекаралардың мызғымастығын өзара құрметтеу, сондай-ақ өзара міндеттемелерді адал орындау негізінде құрылады - делінген құжатта.
Тараптардың бірінің пікірі бойынша үшінші мемлекеттер тарапынан қарулы шабуыл қаупін төндіретін ахуал туындаған жағдайда тараптар оны бейбіт жолмен реттеуге ықпал ететін шаралар қабылдау мақсатында екіжақты негізде де, өздері қатысушылары болып табылатын халықаралық ұйымдар шеңберінде де бір-бірімен дереу тиісті консультациялар өткізеді.
Сонымен қатар, тараптар қандай да бір блоктарға немесе одақтарға қатыспау міндеттемесін растайды, сондай-ақ басқа Тарапқа бағытталған қандай да бір іс-қимылдарға қатысудан тартынады делінген.
Тараптардың ешқайсысы оның аумағы мен ресурстарының екінші тарапқа қарсы агрессияны немесе өзге де дұшпандық әрекеттерді дайындау немесе жүзеге асыру мақсатында, сондай-ақ екінші Тараптың мемлекеттік егемендігіне, қауіпсіздігіне және аумақтық тұтастығына нұқсан келтіру үшін пайдаланылуына жол бермейді.
Тараптар екінші тарапқа қарсы қарулы іс-қимылдарды немесе өзге де дұшпандық әрекеттерді дайындау немесе жүзеге асыру мақсатында өз аумағында үшінші мемлекеттердің коммуникациялар жүйесін және басқа да инфрақұрылымды пайдалануына жол бермеуге міндеттенеді.
Тараптар өңірлік қақтығыстарды халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған нормалары негізінде бейбіт жолмен/келіссөздер арқылы реттеуге жәрдемдесу үшін, ең алдымен мемлекеттердің егемендігін, аумақтық тұтастығын және шекараларының мызғымастығын сақтау мен қамтамасыз ету үшін күш салады.
Сонымен қатар, құжатта тараптар бірлескен жобаларды іске асыру, сондай-ақ екі мемлекеттің орнықты дамуына ықпал ететін ұлттық экономикалардың энергия тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында энергетика саласындағы, оның ішінде мұнай-газ, электр энергетикасы салаларындағы, жаңартылатын энергия көздері саласындағы тең құқықтылық пен өзара тиімді қатынастар негізінде ынтымақтастықты жалғастырады.
Тараптар мұнай-газ саласында, оның ішінде мұнай өңдеу салалары мен құбыр инфрақұрылымын салу арқылы бірлескен жобаларды іске асыру мақсатында ынтымақтастықты жалғастыратыны көзделген.
СІМ-де айтылғандай, Шарт Қазақстан-өзбек стратегиялық әріптестігін одан әрі нығайтуға елеулі үлес қосуға мүмкіндік береді.
Бауырластық, одақтастық және стратегиялық әріптестік рухында Қазақстан-Өзбекстан көпқырлы ынтымақтастығын одан әрі нығайту мақсатында Тараптар мемлекет басшылары басқаратын Жоғары мемлекетаралық кеңес құрады, ол одақтастық қатынастарды дамытудың стратегиялық бағыттарын айқындайды және Тараптардың ортақ мүдделеріне байланысты мейлінше маңызды мәселелерді қарайды.
Тараптар сыртқы саясат, қорғаныс және қауіпсіздік салаларында өзара тығыз іс-қимылдар жасайды.
Сыртқы саясатты үйлестіру мүддесінде Тараптар, ең алдымен жоғары, оның ішінде екі мемлекеттің Қауіпсіздік хатшылары кеңесі мен Сыртқы істер министрлері кеңесі деңгейлерінде тұрақты кездесулер тетігін пайдаланады және жетілдіреді.
Тараптар екі мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайту мақсатында әскери-техникалық саладағы ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды нығайтады.
Тараптар екі мемлекеттің парламенттері, саяси партиялары мен қоғамдық ұйымдары арасындағы қатынастарын және байланыстарын нығайтуға жәрдемдеседі.
Тараптар өзара тауар айналымын арттыру, өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік, транзит және логистика салаларында өзара тиімді әріптестікті дамыту, сондай-ақ Екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның және Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Өңіраралық ынтымақтастық форумдары қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты ілгерілету жөніндегі мемлекет басшыларының арнаулы өкілдерінің жұмыс тетігін іске қосады.
Тараптар экономиканың әртүрлі секторларында бірлескен кәсіпорындар құру арқылы өзара экономикалық кооперацияны тереңдету үшін жағдайлар жасайды, сондай-ақ өнеркәсіп, көлік және логистика, энергетика, фармацевтика, құрылыс аясы сияқты салаларда өзара тиімді негізде кооперацияны дамытуға ықпал ететін болады.
Тараптар индустриялық-инновациялық саясатты іске асыру мақсатында өзара тиімді және тең құқылы негізде жаңа өндірістік қуаттарды ұтымды орналастыру және қолданыстағыларын жаңғырту жөніндегі іс-шараларды келіседі.
Тараптар елдер арасындағы сауда айналымын, оның ішінде қажетті жағдайлар жасау және банкаралық ынтымақтастықты дамыту арқылы нығайтады және ұлғайтады.
Тараптар инвестициялық қызмет, өзара инвестицияларды көтермелеу және қорғау үшін қолайлы жағдайлар жасайды.
Тараптар кәсіпкерлік және өзге де шаруашылық қызмет үшін қолайлы жағдайлар жасайды, бірлестіктердің әртүрлі ұйымдық-құқықтық нысандарын және заңды тұлғалармен экономикалық ынтымақтастықтың басқа да субъектілері арасындағы тікелей байланыстарды дамуына жәрдемдеседі.
Тараптар трансшекаралық су ресурстарын ұтымды және өзара тиімді пайдалану мен су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану, сондай-ақ суарудың су үнемдеу технологияларын енгізу жөнінде бірлескен шаралар қабылдайды.
Тараптар экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде тығыз өзара іс-қимыл жасайды, осы саладағы өздері қатысушысы болып табылатын екіжақты және көпжақты халықаралық шарттарға сәйкес әрекет ете отырып, экологиялық, оның ішінде трансшекаралық сипаттағы апаттардың алдын алу және олардың салдарымен күресу саласындағы ынтымақтастықты нығайтады.
Тараптар өз аумақтарында халықтың және аумақтардың тыныс-тіршілігіне қауіп төндіретін табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алуға және жоюға өзара көмек көрсетеді.
Тараптар қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын рекультивациялау бөлігінде тәжірибе алмасу бойынша өзара іс-қимылды жүзеге асырады.
Тараптар агроөнеркәсіптік кешеннің тиімділігін арттыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру жөніндегі бірлескен кәсіпорындарды ұйымдастыру, сондай-ақ өз аумақтарында қолайлы, оның ішінде өздері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес Тараптардың бірінің аумағынан шығарылатын ауыл шаруашылығы тауарларын транзиттік тасымалдау үшін рәсімдерді оңайлату бойынша жағдайлар жасау арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тығыз ынтымақтасады.
Тараптар жүктер мен жолаушыларды қолайлы және өзара тиімді тасымалдауды, сондай-ақ көлік дәліздерінің транзиттік әлеуетін арттыруды қамтамасыз етуге бағытталған өзара байланысты көлік жүйесін одан әрі дамыту үшін қажетті құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық жағдайлар жасайды.
Бұл ретте Тараптар өздері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес Тараптардың бірінің аумағынан шығарылатын тауарларды транзиттік тасымалдау рәсімдерін оңайлату бойынша өз аумақтарында қолайлы жағдайлар жасауда тығыз ынтымақтасады.
Тараптар екі ел халықтарының рухани және мәдени жақындығын сақтауға, ғылым, білім, медицина, спорт, мәдениет, мәдени мұра, туризм, ақпарат алмасу саласындағы өзара байланыстарды тереңдетуге жан-жақты ықпал етеді.
Тараптар Өзбекстан Республикасының аумағында тұратын этниқалық қазақтар және Қазақстан Республикасының аумағында тұратын этникалық өзбектер үшін өздерінің ана тілін, ұлттық мәдениетін, салт-дәстүрлерін сақтау және дамыту ісінде қолайлы жағдайлар жасайды.
Тараптар шығармашылық одақтар мен бірлестіктер, мәдениет, әдебиет, ғылым, білім және өнер қайраткерлері арасындағы тарихи қалыптасқан байланыстар мен қатынастар негізінде ортақ мәдени-гуманитарлық кеңістікті сақтауға және нығайтуға жағдай жасайды.
Тараптардың әрқайсысы өзінің аумағында екінші Тараптың заңды және жеке тұлғаларының меншік құқығы мен мүлкін қорғауға кепілдік береді.
Тараптар өңірдегі бейбітшілік пен келісім ахуалын нығайту ісінде өзара іс-қимыл жасайды, өңірлік жақындасудың өзара мүдделері мен идеяларын ілгерілетеді, сондай-ақ Орталық Азиядағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған өзара тиімді әскери ынтымақтастық жүргізеді.
Тараптар Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесулерін жалпы өңірлік сипаттағы мәселелерді кешенді талқылау және сындарлы шешу үшін құзырлы тетік деп санайды.
Тараптар барлық қатысушы мемлекеттердің мүдделерін қатаң құрметтеу кезінде жан-жақты ынтымақтастықты нығайту және осы алаңның әлеуетін барынша іске қосу мақсатында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесулерінің форматын жетілдіру бойынша мақсатты түрде өзара іс-қимыл жасайды, сондай-ақ бір-бірінің мүдделерін өзара құрметтеу негізінде Орталық Азия мемлекеттерінің өздері өңірлік аспектілердің бүкіл кешені бойынша өзара қолайлы шешімдерге қол жеткізуіне жәрдемдеседі.
Тараптар Орталық Азияның су-экологиялық проблемаларын шешудегі өңірлік институционалдық алаң болып табылатын Халықаралық Аралды құтқару қоры шеңберінде тығыз ынтымақтастықты жүзеге асырады, Арал мен Арал маңы аудандарының экологиялық жүйесін қалпына келтіру, сондай-ақ аумақтарды, оның ішінде «Арал апатының» ықпалына ұшыраған аумақтарды экологиялық сауықтыруға және әлеуметтік-экономикалық дамытуға бағытталған, халықаралық және өңірлік жобалар мен бағдарламаларды әзірлеу мен іске асыру бойынша өзара іс-қимылды жалғастырады.
Тараптар қарусыздандыру және жаппай қырып-жою қаруларының барлық түрлерін және оларды жеткізу құралдарын таратпау, оның ішінде Ядролық қаруды таратпау туралы шартты (ЯҚТШ) және оның барлық аспектілерінде таратпау режимін тиімді жүзеге асыру мәселелерінде өзара іс-қимыл жасайды.
Тараптар Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ – ядролық қаруды таратпау режимін нығайту, ядролық энергияны бейбіт мақсаттарға пайдаланудағы ынтымақтастықты дамыту, радиоактивтік ластанудан зардап шеккен аумақтарды экологиялық оңалтудағы ынтымақтастықты дамыту мен өңірлік және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жолындағы маңызды қадам болып табылатынына сенім білдіре отырып, 2006 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Семей қаласында қол қойылған Орталық Азиядағы Ядролық қарудан азат аймақ туралы шарттың ережелеріне өз бейілділігін растайды және Орталық Азия өңірінің ядролық қарусыз мәртебесін одан әрі нығайту жөніндегі бірлескен күш-жігерді жалғастырады.
Тараптар қақтығыстардың алдын алу және реттеу, қауіпсіздік пен тұрақтылықтың өңірлік және жаһандық проблемаларын шешу ісінде Біріккен Ұлттар Ұйымының орталық рөлін одан әрі нығайтуға өз бейілдігін растайды.
Тараптар тиісті консультациялар жүргізе отырып, негізгі халықаралық проблемалар мен өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша ұстанымдарды айқындау кезінде өзара іс-қимыл жасайды.
Тараптар Біріккен Ұлттар Ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара
іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және басқа да халықаралық және өңірлік ұйымдар мен форумдар шеңберінде өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға екіжақты ұмтылысты атап көрсетеді.
Тараптар өздерінің заңнамаларына және халықаралық міндеттемелеріне сәйкес халықаралық терроризмді, діни экстремизмді және сепаратизмді, трансұлттық ұйымдасқан қылмыс, киберқылмыс, заңсыз
көші-қон, адам саудасы, қару-жарақ, есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымын қоса алғанда, қауіпсіздіктің жаңа сын-тегеуріндері мен қатерлеріне қарсы іс-қимылдағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту және тереңдету үшін өз күштерін үйлестіреді және біріктіреді
Тараптар заңсыз көші-қонға, оның ішінде жеке тұлғалардың өз аумағынан және ол арқылы заңсыз өтуіне қарсы күресте ынтымақтасады.
Тараптар қауіпсіз, реттелген және заңды еңбек көші-қоны саласындағы қатынастарды дамытуға ұмтылады.
Осы Шарт үшінші мемлекеттерге қарсы бағытталмаған және өздері қатысушы болып табылатын басқа екіжақты және көпжақты халықаралық шарттардан туындайтын тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
Осы Шарттың ережелерiн iске асыру мақсатында тараптар қажет болған жағдайда өзара қызығушылық тудыратын ынтымақтастықтың нақты салаларында жекелеген халықаралық шарттар жасасады.
Осы Шарттың іске асыру кезінде туындауы мүмкін даулар мен келіспеушіліктерді тараптар келіссөздер және консультациялар арқылы шешетін болады.