Мәжіліс Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Оман Сұлтандығының үкіметі арасындағы табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айта кетерлігі, екі ел үкіметі арасындағы табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісімге және оған хаттамаға 2025 жылғы 29 мамырда Астана қаласында қол қойылған.
Келісім мен оған хаттама инвестициялар үшін қолайлы жағдайлар жасау, екі елдің құзыретті органдары арасында салық мәселелері бойынша ақпарат алмасу арқылы салықтан жалтарудың алдын алу жолымен елдер арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайту және кеңейту мақсатында жасалды.
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң ақпараты бойынша Заң жобасын iске асыру республикалық бюджеттен қаржы бөлудi талап етпейдi және терiс саяси, құқықтық, қаржы-экономикалық және өзге де салдарларға алып келмейді, - деп түсіндірді Мәжіліс депутаты Татьяна Савельева.
Келісім бірқатар маңызды салықтық мәселелерді реттеуді көздейді. Атап айтқанда, онда салық салу мақсатында резиденттікті айқындау тәртібі белгіленеді.
Сондай-ақ тұрақты мекеме ұғымын қалыптастыру және оның жұмыс істеу шарттары қарастырылады.
- Келісімде салық салуға жататын табыс түрлерін бөлу тетігі де нақты көрсетілген. Олардың қатарына дивидендтер, пайыздар, роялти, кәсіпкерлік қызметтен түсетін кірістер және өзге де табыс түрлері кіреді.
- Бұдан бөлек, салық салу кезінде кемсітушілікке жол бермеу қағидасы бекітіледі.
- Екі елдің уәкілетті органдары арасындағы өзара келісім жасау тетігі де құжатта қамтылған.
- Сонымен қатар салықтық ақпарат алмасу тәртібі мен жеңілдіктерді шектеуге қатысты баптар да қарастырылған.