Қазақстан мен Иран тауар айналымын арттырады

4 Қараша 2022, 01:15
1192
Бөлісу:
Қазақстан мен Иран тауар айналымын арттырады

Қазақстан мен Иран тауарлардың жүк айналымын жылына 4 млн тоннаға дейін ұлғайту туралы Меморандумға қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мұндай келісім Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегациясының Иран Ислам Республикасына жұмыс сапары кезінде жасалған. 

Кездесу барысында талқыланған мәселелер - Қазақстандық аграрлық және өнеркәсіптік өнімдер үшін жаңа өткізу нарықтарына шығу мүмкіндіктері мен қолданыстағы солтүстік-оңтүстік бағыттағы кедергілерді жою.

Сондай-ақ Серік Жұманғарин екіжақты кездесу бұл Қазақстан мен Иран арасындағы өзара сыйластық пен сенімді қарым-қатынастың айғағы екенін айтты. 

Иранның Көлік және қаланы дамыту министрі Ростам Қасемимен кездесу барысында Серік Жұманғарин қазақстандық тараптың тауарлар көлемін жылына 1 млн тоннадан 4 млн тоннаға дейін ұлғайту ниетін айтты. Ол үшін 2022 жылдың соңына дейін «тар» инфрақұрылымдық орындарды жойып, 2022-2025 жылдарға арналған Солтүстік-Оңтүстік бағытының әлеуетін дамыту бойынша үшжақты жол картасын қабылдауға келісті. 

Сонымен қатар келісімнің ішінде келесідей тармақтар бар:

– жүк көлігі жүргізушілері, халықаралық тасымалдарға қатысушылар үшін арнайы визалық режим құру. Бизнес өкілдері үшін осындай визалық жеңілдіктер алу мүмкіндігін қарастыру;

– бірыңғай тариф, бірыңғай көлік құжатын және бірыңғай ақпараттық жүйені енгізуді қоса алғанда, екі елдің кедендік ресімдеу процестерін оңтайландыру;

– «Қырғызстан - Қазақстан - Ресей» үлгісі бойынша навигациялық пломбаларды пайдалана отырып, «Қазақстан - Түрікменстан - Иран» бағыты бойынша жүктерді автокөлікпен тасымалдау бойынша пилоттық жобаны іске қосу.

Сондай-ақ логистикалық процестер мен екіжақты сауданың тиімділігін арттыру мақсатында тараптар бірлескен экспорттық-импорттық компания құру мүмкіндігін пысықтауға келіскен.

Кездесу нәтижесінде тараптар сауда, көлік және логистиканы дамыту саласындағы өзара іс-қимыл жөніндегі ортақ меморандумға қол қойды.

Өзгелердің жаңалығы