Қазақстан мен Еуроодақ жер қойнауын игеру саласында әріптестікті нығайтуға мүдделі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Astana Mining & Metallurgy XIII халықаралық тау-кен металлургия конгресінің аясында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Еуропалық комиссияның вице-президенті Марош Шефчовичпен кездесіп, тараптар сирек кездесетін металдарды өндіріп, өңдеу мен бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың жолдарын қарастырды.
ИИДМ басшысы айтқандай, қазір Еуропалық одақпен жер қойнауын игеру бағытында өзара тиімді әріптестік жолға қойылған. Атап айтқанда, аса қажетті минералды-ресурстар саласында екіжақты ынтымақтастықтың кейінгі бағыттары, оның ішінде өзара түсіністік туралы меморандумның бірінші Жол картасын іске асыру қарастырылған. Сондай-ақ күн тәртібінде аса қажетті шикізат пен аккумулятор батареялары саласындағы өзара байланысты арттыру үшін ЕО-дың қаржыландыру тетігін пайдалану жолдары пысықталды.
Елімізде германиялық HMS Bergbau компаниясымен литий кен орындарын игеруге байланысты бірлескен жоба қолға алынды. Бұған қоса электромобиль мен басқа да озық технологиялардың өндірісіне қажетті сирек кездесетін металдардың (кобальт, никель, литий, қалайы және вольфрам) жаңа түрлерін өндіріп, өңдеу бойынша жобаларды іске асырудың перспективалары бар, - деді Марат Кәрімжанұлы.
Фосфор шикізаты бойынша Еуропа нарығының 71%-ын Қазақстан қамтамасыз етіп келетіні белгілі. Тұтастай алғанда, ЕО-қа титан, бериллий, тантал, рений және ванадий жеткізіліп жүр. Осыған байланысты Қазақстанда тереңдетілген өндіріске көшу үшін дайын өнім шығарумен металл кендерін өңдеу бойынша бірлескен өндірістер құрудың тың мүмкіндіктері қарастырылғанын айта кеткен орынды.
Бұл ретте біз «шикізатты технологияға алмастыру» қағидасын ұстанатынымызды атап өткім келеді. Біздің көздеп отырған негізгі мақсатымыз – әлемдік қосылған құн тізбегіне өз үлесімізді қосу, - деді Марат Кәрімжанұлы.
Бұдан бөлек Қазақстанның Еуропа елдерімен қарым-қатынасы ESG (экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқару) талаптарын ұстанатын инвесторларды тарту қағидаларына негізделген. Сондай-ақ тау-кен қалдықтарын өңдеу бойынша дағдыларды арттырып, өнім сапасын жақсарту бағытында әріптестікті күшейту көзделген.
Стратегиялық әріптестікті қарастыратын Жол картасына тоқталсақ, бұл құжат 4 бағыт бойынша ынтымақтастықтың нақты шараларын анықтайтынын атап өткен жөн. Мысалы, сирек кездестін минералдар мен аккумулятор батареяларының тұрақты құн тізбектерін біріктіру, «жасыл» сутегіне негізделген аккумулятор өндірісін арттыру және жасыл сутегін жеткізу тізбектерінің тұрақтылығын жолға қойып, зерттеулер, инновациялар, дағдылар мен кадрлық әлеуетті нығайту межеленіп отыр.