Қазақстан мен Еуроодақ әріптестікті нығайту бойынша практикалық қадамдарды талқылауда

24 Мамыр 2023, 02:29
758
Бөлісу:
Қазақстан мен Еуроодақ әріптестікті нығайту бойынша практикалық қадамдарды талқылауда
Фото: gov.kz

Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің Ресей, Шығыс әріптестік, Орталық Азия және ЕҚЫҰ бойынша басқарушы директорының орынбасары Люк Девиньнің төрағалығымен саяси конфигурациядағы «Қазақстан Республикасы – Еуропалық одақ» ынтымақтастық комитетінің 20-шы отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараға қазақстандық министрліктер мен ведомстволардың, Еуропалық комиссияның түрлі директораттарының өкілдері, сондай-ақ елімізде аккредиттелген Еуроодаққа мүше елдердің дипломатиялық корпусының өкілдері қатысты.

Келіссөздердің негізгі тақырыбы өзара іс-қимылдың 29 саласын қамтитын Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімді іс жүзінде іске асыруға баса назар аудара отырып, барлық басым бағыттар бойынша диалогты одан әрі нығайту мәселесі болды.

Тараптар саяси, сауда-экономикалық салалардағы, заң үстемдігі мен адам құқықтары саласындағы ынтымақтастықты, сондай-ақ көлік, энергетика, білім және ғылым, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруіне қарсы күрес саласындағы өзара іс-қимылды талқылады.

Бұдан басқа ҚР азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету бойынша ресми консультациялар өткізу жоспарлары белгіленді, бұл туралы келісім Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің ү.ж. 15 мамырда Ішкі істер бойынша Еуропалық комиссар Ильва Йоханссонмен кездесуінің қорытындысы бойынша уағдаластыққа қол жеткізген болатын. Тараптар сондай-ақ ү.ж. 19 мамырда Алматыда ЕО-ОА екінші экономикалық форумы аясында қол қойылған және ҚР-да құқық үстемдігі және орнықты экономикалық өсу саласындағы жобаларды іске асыруға 9 млн еуро бөлуді көздейтін «ЕО-Қазақстан ынтымақтастығы құралын» қаржыландыру туралы келісімді іс жүзінде іске асыруды қарастырды.

«Жаһандық қақпа» (Global Gateway) стратегиясы шеңберінде ЕО мен ҚР өзара байланыстылығы мәселелерін талқылай отырып, тараптар транзиттік жолдарды, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамыту мен әртараптандырудың маңыздылығын және оның ЕО Трансеуропалық көлік желісімен (TEN-T) одан әрі өзара байланыстылығын атап өтті. Бұл ретте «Оңтүстік Қазақстан арқылы өтетін Орталық Транскаспий желісі Орталық Азияның барлық бес елінің аумағын қамтитын және негізгі елді мекендердің және аймақтың өндірістік орталықтардың көпшілігін қамтитын екі деңгейлі тәсілді пайдалану есебінен көлік желісі мен өңірдің одан әрі дамуын қамтамасыз ететін неғұрлым орнықты нұсқа ретінде айқындалған» делінетін ү.ж. 19 мамырда ұсынылған Еуропалық қайта құру және даму банкінің Еуропа мен Орталық Азия арасындағы орнықты көлік байланыстары бойынша зерттеулердің өзектілігін атап өтті.

«Орталық Азия – Еуропалық одақ» форматы шеңберінде өңіраралық өзара іс-қимылдың кең спектріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, білім беру, су ресурстары, қоршаған орта, қауіпсіздік және трансшекаралық ынтымақтастық саласындағы өңірлік жобаларды іске асыру барысы талқыланды.

Жалпы, ҚР-ЕО ынтымақтастық комитетінің кезекті отырысы жан-жақты пікір алмасуға және Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімді одан әрі іске асыру және өзара тиімді екіжақты ынтымақтастықтың барлық ауқымын тереңдету бойынша нақты қадамдарды белгілеуге мүмкіндік берді.

Өзгелердің жаңалығы