Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын, сондай-ақ екіжақты келісімдер мен Қазақстан мен БАӘ арасындағы іскерлік байланысты кеңейтуге бағытталған бірлескен бастамаларды талқылады.
Тараптар екі ел арасындағы серіктестіктің тұрақты түрде дамып келе жатқанын атап өтті. Өзара сауда көлемі артып, инвестициялық байланыстар нығайып, экономиканың стратегиялық маңызды салаларындағы бірлескен жобалар саны көбейіп келеді.
Келіссөздер барысында логистика, сауда, агроөнеркәсіп кешені, қаржы инфрақұрылымы және заманауи технологиялар салаларындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанның Таяу Шығыстағы негізгі экономикалық серіктестерінің бірі екені айтылды.
Сондай-ақ тараптар 2025 жылдың қорытындысы бойынша БАӘ Қазақстан экономикасына 1,6 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция құйып, елдің ең ірі төрт инвесторының қатарына енгенін атап өтті. Әмірлік инвестицияларының басым бөлігі көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға, саудаға, қалалық ортаны жетілдіруге және өзге де жобаларға бағытталған. Сонымен қатар, екі ел арасындағы тауар айналымы бір жыл ішінде 5 пайызға өскен, – делінген Сауда және интеграция министрлігі таратқан ақпаратта.
2026 жылдың қаңтар–наурыз айларының қорытындысы бойынша Қазақстан мен БАӘ арасындағы тауар айналымы 45,8 млн АҚШ долларын құрады. Бұл ретте Қазақстанның БАӘ-ге экспорты 42,1 пайызға артты.
Қазақстан тарапы Alatau City жобасының инвестициялық әлеуетін таныстырып, оның өңірдегі экономикалық өсімнің, инновация мен халықаралық бизнесті тартудың келешегі зор орталықтарының бірі екенін атап өтті.
Кездесу барысында агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері де қаралды. Атап айтқанда, азық-түлік инфрақұрылымын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және азық-түлік қауіпсіздігі бағытында заманауи технологияларды енгізу мәселелері сөз болды.
Тараптар "Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі" АҚ мен БАӘ қаржы институттары арасындағы өзара іс-қимылға да тоқталды. Оның ішінде исламдық қаржыландыру, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, экспорттық, қаржылық және сауда салаларын реттеу бойынша тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды.
Өз кезегінде, Әмірлік тарапы микрокаржыландыру, сақтандыру және инвестициялық қоржын қалыптастыру салаларындағы бірлескен бастамаларды дамытуға қызығушылық танытты. Сондай-ақ Қазақстандағы инвестициялық қатысу аясын кеңейтуге, оның ішінде шағын және орта бизнесті қолдау тетіктері мен заманауи қаржы құралдарын енгізуге дайын екендерін білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге және Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы жаңа бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға өзара мүдделі екенін растады.