NASA америкалықтарды 2029 жылға дейін Айға қайта жіберуі мүмкін

АҚШ ғарыш агенттігі Айда тұрақты база құру үшін дрондар мен тұрғын модульдерін жіберуді жоспарлап отыр.

 ©BAQ.KZ архиві/ЖИ Бүгiн 2026, 14:51
Бүгiн 2026, 14:51
219
Фото: ©BAQ.KZ архиві/ЖИ

NASA Айды игеру жоспарын жариялады. Агенттік болашақта тұрақты база салу үшін Айға дрондар мен тұрғын модульдерін жіберуді көздеп отыр.

BBC мәліметінше, агенттік Дональд Трамптің президенттік мерзімі аяқталғанға дейін, яғни 2029 жылға дейін америкалық астронавтарды Ай бетіне қайта қондыруды жоспарлап отыр.

Ай базасын салу бағдарламасы үш кезеңге бөлінген. Алғашқы кезеңде NASA Айға роботтандырылған қону аппараттарын, дрондар мен жүк модульдерін жібермек. Олар ғылыми құрылғыларды, камералар мен байланыс жүйелерін тасымалдап, Ай бетін зерттеумен айналысады.

2029 жылға дейін агенттік 25 ұшыру жүргізіп, Айға шамамен төрт тонна жүк жеткізуді жоспарлап отыр. Жобаға Blue Origin, Intuitive Machines және Astrobotic секілді бірнеше жеке компания қатысады.

Blue Origin Ай бетіне дәл қонуға арналған Endurance модулін әзірлейді.

Келесі кезеңде Ай базасының энергетикалық жүйесі салынады. NASA күн және ядролық энергияны пайдалануды жоспарлап отыр. Агенттік 2032 жылға қарай Айда адамдардың ұзақ уақыт өмір сүруіне жағдай жасауды мақсат етеді.

Ғалымдар үшін Айдың оңтүстік полюсі ерекше қызығушылық тудырып отыр. Себебі бұл аймақта мұз күйіндегі су қоры болуы мүмкін. Болашақта оны ауыз су мен оттегі өндіруге пайдалануға болады.

Еске салсақ, Дональд Трамптің екінші президенттік мерзімі 2029 жылғы 20 қаңтарда аяқталуға тиіс.

Наверх