Қазақстан мен Әзербайжан Каспийде екі пойызды бірден тасымалдайтын паром салмақ

Қазір бір паромға 44 вагон ғана сияды. Жаңа жоба іске асса, бір рейсте 120 вагонға дейін тасымалдауға мүмкіндік туады.

5 Қазан 2026, 19:11
АВТОР
 Іnfranews 5 Қазан 2026, 19:11
5 Қазан 2026, 19:11
134
Фото: Іnfranews

Қазақстан мен Әзербайжан Құрық – Алят бағыты бойынша қатынайтын жаңа паромдар салу жобасын пысықтап жатыр. Жаңа кемелер бір рейсте 120 теміржол вагонына дейін тасымалдауға мүмкіндік береді. Бұл шамамен екі теміржол құрамын бір уақытта жеткізуге мүмкіндік бермек, деп хабарлайды BAQ.KZ Іnfranews басылымына сілтеме жасап.

Бұл туралы 1 қазанда Дүниежүзілік банктің Middle Corridor онлайн іс-шарасы барысында Қазақстанның Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары Қасым Тлепов мәлімдеді.

Қазір Құрық – Алят бағыты бойынша қатынайтын ASCO паромдары бір рейсте ең көбі 44 вагон қабылдай алады. Осыған байланысты ұзын пойыз құрамын бірнеше бөлікке бөлуге тура келеді.

Яғни пойыздың алғашқы бөлігі Каспий теңізі арқылы жөнелтілген кезде, қалған 15-20 вагон келесі паромды күтіп қалады. Соның салдарынан алғашқы вагондар Алят портына жеткеннен кейін де пойыздың екінші бөлігін күтуге мәжбүр болады. Бұл жүк тасымалының жалпы уақытын ұзартады.

Жаңа паромдар осы мәселені шешуге бағытталған. Жоба бойынша кемелердің бір рейстегі өткізу қабілетін 120 вагонға дейін жеткізу көзделіп отыр.

Жаңа паромдар Каспийдің таяздануына бейімделмек

Бұл жоба туралы 2026 жылдың басында да хабарланған болатын. «Жаңа паром жүйесі» жобасында кемелердің шөгу деңгейін шамамен 4,5 метр етіп, сыйымдылығын 120 вагонға дейін жеткізу қарастырылған.

Бұл талап Каспий теңізіндегі су деңгейінің төмендеп, теңіздің таяздануы жалғасып отырған жағдайда ерекше өзекті.

Қазақстандық БАҚ-тың қаңтардағы мәліметтеріне сәйкес, жоба бойынша техникалық-экономикалық негіздемені (ТЭН) 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында аяқтау жоспарланған.

Алайда Қасым Тлеповтің соңғы мәлімдемесінде ТЭН-нің аяқталғаны туралы нақты ақпарат айтылған жоқ. Сондай-ақ жаңа паромдардың құрылысы қашан басталатыны, оларды қандай верфьтер салатыны және тиісті келісімшарттардың жасалғаны туралы мәлімет берілмеді.

Жаңа паромдардың іске қосылуы Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы теңіз арқылы жүк тасымалының өткізу қабілетін арттырып, Транскаспий халықаралық көлік бағытының тиімділігін күшейтуге мүмкіндік бермек.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы жолаушылар паромын Каспий теңізіне қайта қосу жоспарланып жатқанын хабарладық.

Наверх