ІІМ-нің арнайы тобы жұмылдырылды: Ақтөбеде кәсіпкерді өлтірді деген күдікті ұсталды

48 жастағы кәсіпкерді өз үйінде атып өлтірген күдікті екі тәуліктен кейін қолға түсті. Оны іздеуге неге елордалық мамандар тартылды?

18 Қараша 2026, 15:35
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов 18 Қараша 2026, 15:35
18 Қараша 2026, 15:35
50
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Ақтөбеде ірі жанармай құю бекеттері желісінің 48 жастағы иесін өлтірді деген күдікті ұсталды. Оны қолға түсіру үшін Ішкі істер министрлігінің орталық аппаратынан тәжірибелі жедел қызметкерлер жұмылдырылған. Күдіктіні анықтап, ұстауға екі тәулік кеткен.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері қылмысқа қатысы бар деген күдіктіні анықтады. Ол Қазақстан Республикасының азаматы, Ақтөбе қаласының тұрғыны болып шықты.

Қылмысты ашу мақсатында Ақтөбе облысына ІІМ орталық аппаратының тәжірибелі жедел қызметкерлері жіберілген. Олардың жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлескен жұмысының нәтижесінде күдікті екі тәулік ішінде қолға түсті.

Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің BAQ.KZ редакциясының ресми сауалына берген жауабына сәйкес, ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы Ішкі істер министрлігінің бақылауында, - деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Ерболат Сарқұлов.

Еске салайық, 16 қарашада Ақтөбеде 48 жастағы ірі жанармай құю бекеттері желісінің иесі өз үйінде оққа ұшқан болатын. Алдын ала мәлімет бойынша, дүйсенбі күні таңертең бетперде киген белгісіз адам кәсіпкердің үйіне басып кіріп, оны атып өлтірген. Осыдан кейін қылмыс орнынан марқұмның автокөлігімен ізін суытқан.

Қазіргі уақытта күдіктінің үйге қандай мақсатпен кіргені және қылмысқа не себеп болғаны белгісіз. Бұл мән-жайлар тергеу барысында анықталмақ.

Наверх