Қазақстан америкалық серіктестермен аса маңызды минералдар саласындағы бірлескен жобаларды көбейтуге мүдделі. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Аса маңызды минералдар жөніндегі С5+1 диалогында сөз сөйлеген Ерсайын Нағаспаев Қазақстанның бұл бағыттағы басымдықтарын атады.
Оның айтуынша, Қазақстан тек шикізат экспорттауға ғана емес, бірлескен өндірістер құруға, технология трансферіне, білікті мамандар даярлауға және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты тереңдетуге де мүдделі.
Министр стратегиялық шикізатқа деген әлемдік сұраныстың артып келе жатқанын атап өтті.
Стратегиялық шикізатқа деген әлемдік сұраныстың артуы және жаһандық жеткізу тізбектерін әртараптандыру қажеттілігі жағдайында елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың стратегиялық маңызы бұрынғыдан да арта түсуде, – деді ол.
Нағаспаевтың пікірінше, тұрақты әрі әртараптандырылған жеткізу жүйесін қалыптастыру үшін мемлекеттердің, бизнестің және халықаралық серіктестердің күш-жігерін біріктіру қажет.
Осыған байланысты Қазақстан америкалық серіктестерге бірнеше бағыт бойынша ынтымақтастық ұсынды.
Олардың қатарында аса маңызды минералдар саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру, өңдеу және жоғары технологиялық өндірістер құру, жаңа материалдар саласындағы индустриялық кластерлер мен кооперацияны дамыту, бірлескен зерттеу және инжинирингтік орталықтар ашу, сондай-ақ инженерлік және техникалық кадрлар даярлау бар.
Біз осы стратегиялық маңызды салада ұзақ мерзімді серіктестікке ашықпыз, – деді министр.
Бұған дейін Қазақстан АҚШ-тың аса маңызды металдар тізіміндегі 27 позицияны ұсына алатыны айтылған еді.