Қазақстан мектептерінде оқушы саны күрт өседі: Биыл қанша бала партаға отырады?

Жаңа оқу жылында ел мектептерінде 4,1 млн-нан астам оқушы білім алады. Оның ішінде 380 мыңнан астамы – алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды.

31 Тамыз 2026, 19:39
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов 31 Тамыз 2026, 19:39
31 Тамыз 2026, 19:39
168
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Қазақстанда жаңа оқу жылында 8 048 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Биыл мектеп оқушыларының саны 4,1 миллионнан асады деп күтілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Еліміздегі мектептер саны жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2024-2025 оқу жылында 7 920 мектеп болса, қазір олардың саны 8 048-ге жеткен. Бұл – 1,6 пайызға көп.

Сонымен қатар білім беру инфрақұрылымы да кеңейіп келеді. Тек 2026 жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында елімізде 18 090 оқушыға арналған 32 мектеп пайдалануға берілді. Сондай-ақ 4 207 орынға есептелген дәл осындай 32 мектепке дейінгі ұйым іске қосылды.

Жаңа нысандардың ішінде 14 мектеп пен 26 балабақша ауылдық жерлерде орналасқан.

Мектептер ең көп қай өңірлерде салынды?

Пайдалануға берілген мектептер саны бойынша Түркістан және Атырау облыстары көш бастап тұр. Бұл өңірлердің әрқайсысында бес мектептен ашылған.

Ақтөбе, Алматы және Қарағанды облыстарының әрқайсысында үш мектептен пайдалануға берілді.

Ал Жамбыл облысы, Алматы және Шымкент қалаларында екі мектептен ашылды.

Бұдан бөлек, жеті ай ішінде Қазақстанда тоғыз оқу орталығы іске қосылды.

Алматыда аумағы 10,6 мың шаршы метрден асатын балалар шығармашылығы орталығы жұмысын бастады. Ал Абай облысында аумағы шамамен 9,8 мың шаршы метр болатын Оқушылар сарайы ашылды.

Биыл қанша бала мектепке барады?

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2026-2027 оқу жылында Қазақстан мектептерінде 4,1 миллионнан астам оқушы білім алады деп күтілуде.

Олардың ішінде 380 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады.

Салыстырмалы түрде, өткен оқу жылында еліміздегі мектептерде 3,9 миллионнан астам бала білім алған. Ал бірінші сыныпқа 363 мыңнан астам оқушы қабылданған.

Осылайша, бір жылдың ішінде Қазақстандағы мектеп оқушыларының жалпы саны 200 мыңнан астам балаға артуы мүмкін.

Тағы оқи отырыңыз: Ұстазға гүл, макияж, баға және аттестация: Жаңа оқу жылындағы басты өзгерістер 

Мектеп асханасында не өзгереді: Жаңа мәзір, қауіпсіздік және тегін тамақ 

Наверх