Жаңа оқу жылында мектептердегі тамақтану сапасына қойылатын талаптар күшейтіледі. Ас мәзірінде қант пен тұз мөлшері азайтылып, көкөніс, жеміс және сүт өнімдерінің үлесі арттырылады. Сонымен қатар мектеп асханаларының санитариялық жағдайы тұрақты бақылауда болады.
Кімдер мектепте тегін тамақтанады?
Мемлекеттік мектептерде 1-4 сынып оқушыларының барлығы тегін бір реттік ыстық тамақпен қамтылады. Сонымен қатар тегін тамақтану әлеуметтік осал санаттарға жататын 5-11 сынып оқушыларына да беріледі. Бұл шара мектеп жасындағы балаларды әлеуметтік қолдаудың негізгі бағыттарының бірі болып саналады.
Мектеп мәзірі қалай өзгереді?
Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратынша, 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап білім беру ұйымдарында балалардың дұрыс әрі теңгерімді тамақтануына бағытталған жаңа Тамақтану стандарты қолданылады.
Стандарт бойынша тағам құрамындағы қант мөлшері 3,6 есеге, ал тұз мөлшері 5 есеге азайтылды. Сонымен бірге мәзірдегі көкөніс, жеміс және сүт өнімдерінің үлесі артты.
Құрамында қант пен тұзы жоғары өнімдерге де шектеу қойылды. Атап айтқанда, мәзірден шұжық өнімдері, ысталған өнімдер, спредтер және басқа да осындай өнімдер алынып тасталды.
Құрамында қант бар сусындар мен шырындардың орнына су, сүт, қышқыл сүтті сусындар және қант мөлшері төмен басқа сусындар ұсынылады.
Министрліктің мәліметінше, бұл өзгерістер балалардың тамақтану рационын жақсартуға және семіздік, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары сияқты созылмалы аурулардың даму қаупін төмендетуге бағытталған.
Мектептерге арналған алты түрлі мәзір әзірленді
2025 жылы бейінді және халықаралық сарапшылармен бірлесіп, мектепте бір реттік тамақтандыруға арналған алты нұсқадан тұратын мәзір әзірленді.
Мәзірді әзірлеу кезінде балалардың жасы, тағамның калориялық құндылығы және маусымдық ерекшеліктері ескерілді.
Осы мәзірлердің негізінде 2025–2026 оқу жылында еліміздің барлық өңірінде перспективалық мәзірлер бекітілді.
Денсаулық сақтау министрлігі жаңа стандарт бір реттік шара емес, балалардың тамақтануын ұйымдастырудың тұрақты тәсілі екенін атап өтті.
Сондықтан жаңа оқу жылында оның талаптары мәзір әзірлеу, азық-түлік өнімдерін сатып алу, сақтау және дайындау кезінде жүйелі түрде сақталуы тиіс.
Мектеп асханаларында қандай мәселелер анықталды?
Жаңа оқу жылы қарсаңында білім беру ұйымдарының санитариялық-эпидемиологиялық жағдайына мониторинг жүргізілді. Оған мектептердің 99%-ы, мектеп ас блоктарының 95%-ы және медициналық пункттердің 96%-ы қамтылды.
Мониторинг нәтижесінде 2 087 ас блогында бұзушылық анықталды. Оның ішінде 1 168 мектептің және 45 мектеп-интернаттың ас блогында санитариялық-техникалық жағдайдың қанағаттанарлықсыз екені және технологиялық әрі тоңазытқыш жабдықтардың жеткіліксіздігі белгілі болды.
Бұзушылықтардың ең көп саны Түркістан облысында – 259, Қарағанды облысында – 163, Алматы қаласында – 123 және Қызылорда облысында – 115 тіркелді.
8 400 нұсқама берілді
Мониторинг қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктерді жою туралы 8 400 нұсқама берілді.
Сонымен қатар 287 жедел әрекет ету шарасы қабылданды. Оның ішінде 247 нысанның қызметіне тыйым салу және 40 нысанның қызметін уақытша тоқтату туралы қаулы шығарылды.
2026 жылғы 25 тамыздағы жағдай бойынша нұсқамалардың 90,6%-ы, яғни 7 616 нысан бойынша орындалған.
Нұсқамаларды уақтылы орындамағаны үшін 128 әкімшілік айыппұл салынып, олардың жалпы сомасы 44,2 млн теңгеден асты.
Министрлік мәліметінше, бақылау оқу жылы басталғаннан кейін де жалғасады. Білім беру ұйымдарындағы анықталған бұзушылықтар толық жойылып, санитариялық талаптардың сақталуы қамтамасыз етілуі тиіс.