Қазақстан медициналық туризм орталығына айнала ала ма?

2030 жылға қарай медициналық туризмнен түсетін жылдық кіріс 300 млн долларға жетуі мүмкін.

 ДСМ баспасөз қызметі 20 Қараша 2026, 13:05
20 Қараша 2026, 13:05
101
Фото: ДСМ баспасөз қызметі

Қазақстанға емделу үшін келетін шетелдік пациенттер саны артып келеді. Отандық клиникалар репродуктивті медицина, кардиохирургия, нейрохирургия және басқа да бағыттар бойынша шетел азаматтарына қызмет көрсетеді. Медициналық туризмді дамыту үшін қандай шаралар қолға алынып жатыр және бұл бағыт ел экономикасына қанша табыс әкелуі мүмкін? Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі BAQ.KZ редакциясының ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Қазақстан тәуелсіздік алған 35 жыл ішінде денсаулық сақтау жүйесін дамытуға, медициналық инфрақұрылымды жаңғыртуға және заманауи технологияларды енгізуге басымдық беріп келеді. Бүгінде отандық медицинаның мүмкіндігі тек ел ішіндегі сұраныспен шектелмей, шетелдік пациенттерді тартуға да бағытталған. Сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет ұсыну арқылы Қазақстан халықаралық медициналық туризм нарығында өз орнын қалыптастыруға ұмтылып отыр. Бұл бағыт елге инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экономиканың өзге салаларын дамытуға да мүмкіндік береді.

2025 жылы Қазақстанның медициналық ұйымдары шамамен 80 мың шетелдік пациентті қабылдаған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 2025 жылғы қазанда Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында мәлімдеген. Кейін Туризм және спорт министрлігі де осы көрсеткішті жариялады. Ал 2026 жылғы наурызда Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасаған ақпаратта шетелдік пациенттердің 50 елден келгені айтылды.

Шетелдік пациенттер Қазақстанда қандай ем түрлерін таңдайды?

Қазақстанға медициналық қызмет алу үшін келетін азаматтардың қатарында Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қытай тұрғындары бар. Сонымен бірге Германия, АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Түркия, Нидерланд, Италия және Венгрия сияқты алыс шетелдерден де пациенттер келеді. Денсаулық сақтау министрлігінің редакцияға берген жауабында шетелдік пациенттер ең көп жүгінетін қалалардың бірі ретінде Алматы аталды.

Отандық медицинада шетелдік пациенттер арасында сұранысқа ие бағыттардың бірі – репродуктивті медицина. Министрліктің мәліметінше, 2025 жылы 2 212 шетелдік пациент экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) қызметін пайдаланған.

Бұдан бөлек, Қазақстанда кардиохирургия, нейрохирургия және стоматология бағыттары да дамып келеді. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бұл салаларда отандық медицинаның халықаралық деңгейге жеткенін атап өтті.

Қазақстанның медициналық туризмдегі тағы бір артықшылығы – халықаралық аккредиттеу стандарттарын енгізу. Денсаулық сақтау министрлігінің жауабына сәйкес, еліміздегі 10 медициналық ұйым Joint Commission International (JCI) халықаралық аккредиттеуінен өткен. Бұл ұйымдардағы медициналық қызмет сапасы мен пациент қауіпсіздігін бағалауға арналған халықаралық стандарттардың бірі.

Медициналық туризм ел экономикасына қанша табыс әкелуі мүмкін?

Медициналық туризмнің маңызы тек клиникалардың табысымен шектелмейді. Емделуге келген шетелдік пациентке медициналық қызметтен бөлек, тұру, тамақтану, көлік, аударма және басқа да қызметтер қажет. Демек, бұл бағыт қонақүй бизнесі, қоғамдық тамақтану, көлік, туристік агенттіктер және шағын кәсіпкерлік үшін де қосымша мүмкіндік қалыптастырады.

Бұл бағытты дамыту мәселесін 2026 жылғы 14 қазанда Құрылтайдың жалпы отырысында депутат Нұргүл Тау көтерді. Ол Премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында медициналық туризмді жүйелі дамыту қажеттігін айтып, осы бағыттағы заңнамалық және ұйымдастырушылық тетіктерді жетілдіруді ұсынды.

Депутат келтірген болжамға сәйкес, 2030 жылға қарай Қазақстанға келетін медициналық туристер саны 300 мыңға дейін өсуі мүмкін. Ал медициналық туризмнен ел экономикасына түсетін жылдық кіріс 300 миллион долларға дейін жетуі ықтимал.

Нұргүл Таудың айтуынша, медициналық турист қарапайым туристке қарағанда шамамен 10 есе көп қаражат жұмсайды. Депутат келтірген бағалауда амбулаториялық емнің орташа құны 2 мың долларға, стационарлық ем 5 мың долларға дейін жетуі мүмкін. Бұл шығынға клиникалардың қызметімен қатар, пациенттің тұруы, тамақтануы мен көлік шығындары да қосылады.

Осы тұрғыдан алғанда, медициналық туризм – денсаулық сақтау саласына ғана емес, қызмет көрсету нарығына да әсер ететін бағыт. Шетелдік пациенттерді қабылдау клиникалардың табысын арттырып қана қоймай, туризм инфрақұрылымына сұраныс қалыптастырады.

Қазақстан медициналық туризмді қалай дамытпақ?

Медициналық туризмді дамыту мәселесі депутаттық сауалдан кейін Үкімет деңгейінде де қаралды. Премьер-министр Олжас Бектеновтің Құрылтай депутаттарының сауалына берген жауабында шетелдік пациенттерді тартуға арналған бірқатар шара көрсетілген.

Үкімет басшысының айтуынша, шетелдік емделушілерге арналған медициналық, санаторийлік-курорттық және оңалту қызметтерінің турпакеттері әзірленген. Оған медициналық қызметпен бірге трансфер, тұру, тамақтану, аудармашы көмегі және пациентті емнен кейін сүйемелдеу қызметтері кіреді. Бұл ұсыныстарды туристік агенттіктер мен елшіліктер арқылы, медициналық визаны пайдалану мүмкіндігін ескере отырып, ілгерілету жоспарланған.

Мұндай тәсіл шетелдік пациенттің Қазақстанға келуінен бастап, ем қабылдап, еліне қайтқаннан кейінгі сүйемелдеуіне дейінгі қызметтерді бір жүйеге біріктіруге бағытталған. Бұл жұмысқа медициналық ұйымдармен қатар туроператорлар мен сервистік компаниялар да тартылмақ.

Сонымен бірге медициналық туризм саласындағы негізгі ұғымдарды бекіту, мемлекеттік органдар мен сала қатысушыларының құзыреттерін нақтылау және олардың өзара іс-қимылын үйлестіруді көздейтін заңнамалық түзетулер әзірленген.

Бұдан бөлек, 2027 – 2030 жылдарға арналған медициналық туризмді дамыту жөніндегі ведомствоаралық жоспардың жобасы дайындалған. Құжатта нормативтік-құқықтық базаны, статистикалық есепті, қызмет көрсету стандарттарын және мемлекеттік органдар мен медициналық ұйымдардың өзара жұмыс тетіктерін жетілдіру қарастырылған.

Қазақстанның медициналық туризмдегі әлеуеті

Медициналық туризмді дамыту үшін сапалы медициналық қызметтің болуы маңызды. Алайда шетелдік пациент үшін клиниканың жабдықталуы мен дәрігерлердің біліктілігімен қатар, қызметтің қолжетімділігі, баға саясаты, тілдік қолдау және емдеу барысын ұйымдастыру да үлкен рөл атқарады.

Бұл бағытта Астана да өз мүмкіндігін кеңейтіп келеді. Елордада JCI халықаралық аккредиттеуінен өткен тоғыз клиника бар. Astana Tourism өкілдері медициналық ұйымдармен және туристік қауымдастықпен бірлесіп, шетелдік пациенттерге арналған арнайы ұсыныстарды жүйелеу бағытында жұмыс жүргізіліп жатқанын айтқан.

Қазақстанның медициналық туризмдегі әлеуеті бірнеше факторға байланысты: отандық клиникалардың технологиялық мүмкіндігі, білікті мамандар, халықаралық стандарттарға сай қызмет көрсету және кейбір медициналық қызметтердің шетелмен салыстырғандағы қолжетімді құны. Осы артықшылықтарды бір жүйеге біріктіру еліміздің халықаралық медициналық нарықтағы орнын нығайтуға мүмкіндік береді.

Наверх