Қазақстанда астықты терең өңдеу саласын дамытуға бағытталған жалпы құны шамамен 4 млрд доллар болатын алты ірі инвестициялық жобаны 2029 жылға дейін іске асыру жоспарланып отыр. Жобалар толық жүзеге асқан жағдайда жылына 5,8 млн тоннаға дейін астық шикізатын өңдеуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Құрылтайда өткен Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Вице-министрдің айтуынша, астықты өңдеу саласының маңызды бағыттарының бірі – азық-түліктік ұн, жемдік ұн, жемшөп өнімдері мен терең өңдеу өнімдерін өндіруді қатар дамыту.
Қазақстан дәстүрлі түрде ұн өндіру мен экспорттауда жетекші орындардың бірін иеленеді. Еліміз ішкі нарықтың қажеттілігін толық қамтамасыз етіп қана қоймай, өз тұтыну көлемінен екі есе көп ұн өндіреді.
Дегенмен соңғы жылдары саладағы өнім түрлері мен экспорт құрылымы өзгеріп келеді. Бұрын Қазақстан жылына 2,4 млн тоннаға дейін азық-түліктік ұн экспорттаса, 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 1,9 млн тоннаны құраған.
Сонымен қатар кәсіпорындар дәстүрлі өнімдермен шектелмей, сұранысқа сай жемдік ұн мен жемшөп өнімдерін өндіруді игеріп жатыр. Бұл бағыттағы негізгі нарықтардың бірі – Қытай.
Қытайға жемдік ұн мен жемшөп экспорты 2,9 млн тоннаға жетті
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қытайға жемдік ұн мен жемшөп өнімдерін жеткізу көлемі шамамен 2,9 млн тонна болған. Азық-түліктік ұн экспортын қосқанда, дайын өнім экспортының жалпы көлемі шамамен 4,8 млн тоннаға жеткен.
Биыл да экспорттың оң динамикасы сақталып отыр. 2026 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында бидай ұнының экспорты заттай мәнде 22,5 пайызға өсіп, 1,6 млн тоннаны құрады. Ал жемдік ұн мен жемшөп өнімдерінің экспорты 41 пайызға артып, 2,8 млн тоннаға жетті, - деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі.
Бұл көрсеткіштер отандық астық өңдеу саласында өнім түрлерінің көбейіп, сыртқы нарықтардағы өткізу мүмкіндіктерінің кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.
Астықты терең өңдейтін жаңа зауыттар салынады
Саланы дамытудың келесі кезеңі – қосылған құны жоғары өнімдер шығаратын терең өңдеу өндірістерін іске қосу.
2029 жылға дейін жалпы құны шамамен 4 млрд доллар болатын алты ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Олардың жиынтық өндірістік қуаты жылына 5,8 млн тоннаға дейін астық шикізатын өңдеуге мүмкіндік береді.
Алғашқы жобалар бойынша жұмыстар басталып, бірқатар өндіріс іске қосылған.
Биыл Түркістан облысында жылына 150 мың тонна жүгері өңдейтін «Қазкрахмал» зауыты пайдалануға берілді. Кәсіпорында модификацияланған крахмал мен глюкоза-фруктоза шәрбаттарын өндіру көзделген.
Сондай-ақ Жамбыл облысында «Фуфэнг Групп» компаниясы жылына 500 мың тонна жүгері өңдейтін жобаның бірінші кезеңін аяқтады. Алдағы уақытта өндіріс қуатын кеңейту жоспарланып отыр.
Кәсіпорында крахмалмен қатар лизин, треонин, глутамин қышқылы, глутамин және лейцин сияқты аминқышқылдарын, жемшөп пен басқа да өнімдерді шығару көзделген. Бұдан бөлек, жүгері ақуызы мен жүгері тұқымы секілді жанама өнімдер де өндіріледі.
Қалған төрт жоба іске асыру сатысында. Оның екеуі Ақмола облысында, біреуі Қостанай облысында және тағы біреуі Астана қаласында жүзеге асырылмақ.
Айта кетейік, бұған дейін Үкімет сағатында депутат Нұржан Ниязалиев мемлекеттік сатып алу жүйесінде отандық азық-түлік өндірушілерінің үлесін арттыру мәселесін көтерді. Сонымен қатар депутат делдалдарды айналып өтуді ұсынды.