- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Қазақстан, Германия, Ресей: "Достық" құбыры арқылы мұнай тасымалының тоқтауы кімге зиян?
Қазақстан, Германия, Ресей: "Достық" құбыры арқылы мұнай тасымалының тоқтауы кімге зиян?
Сарапшылар бұл жағдай Қазақстанға айтарлықтай әсер етпейді дейді.
Бүгiн 2026, 17:30
1 мамырдан бастап Ресей “Достық” құбыры арқылы Қазақстан мұнайын Германияның Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына тасылдау тоқтатылады. Мұны ресми ведомство да, министр де растады. Жағдай қаншалықты күрделі? Қазақстанға әсері қандай болмақ? BAQ.KZ тілшісі «Energy Monitor» қоғамдық қорының директоры Нұрлан Жұмағұловтан және қаржыгер Расул Рысмамбетовтен сұрап білді.
Ресми органдар не дейді?
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің сөзінше, Германияға қазақ мұнайын жеткізу тоқтағанымен, өндіріс көлемі азаймайды.
Оның сөзінше, бұған дейін Дружба бағыты арқылы жыл сайын шамамен 2,1 млн тонна мұнай тасымалданып келген. Қазақстан мұнайы Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытының сұранысының шамамен 20-30 пайызын өтеген.
Министрдің айтуынша, бұл жеткізу маңызды болғанымен, мұнай өндіру көлемін қысқарту мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ. Бұл көлемдерді өзге бағыттарға қайта бөлуге Қазақстанның мүмкіндігі жеткілікті.
Басты себеп – Украина дрондарының шабуылы
Нұрлан Жұмағұловтың сөзінше, Қазақстан “Достық” құбыры арқылы 2023 жылдан бері мұнай тасымалдап келеді. Былтыр 2,1 миллион тонна мұнай өндірілсе, биылғы жоспар бойынша 2,5 миллион тонна болған.
Бұл жалпы Қазақстан мұнайы экспортының 3-ақ пайызы. Бірақ бір ай емес, үш айға “Транснефть” мұнай тасымалдай алмаймыз деп хабар берген. Оның басты себебі 21 сәуірде Украина дрондарының Самара станциясына шабуыл жасауы. Ол жерде мұнай қоймалары, Ресейдегі ең үлкен резервуарлар паркі орналасқан. Сол жерден “Достық” құбыры бастамасын алады, - дейді сарапшы.
Жұмағұловтың сөзінше, сол станцияларға шабуыл жасалған соң қазіргі уақытта Ресей тарапы техникалық жағдайға байланысты мұнай тасымалдай алмаймыз деп түсіндірген.
Демек шабуылдың зардабы күрделі болып тұр. Негізінен “Достық” құбыры арқылы аз ғана мөлшердегі мұнай тасымалданады. Ал Ресейдің ол жерде жөндеу жұмыстарын жүргізуге қазіргі уақытта мүмкіндігі де, оған құлқы да жоқ. Қазақстанның 2,5 миллион тонна мұнайын тасымалдауға бола станцияны жөндеу олар үшін қызық емес, - дейді маман.
Германия үшін қиын жағдай
Нұрлан Жұмағұловтың сөзінше, бұл жағдай Германия үшін қиын болмақ. Себебі “Росток” (неміс порты) мұнай өндіру зауыты мұнайдың 25-30 пайызын сол “Достық” құбыр арқылы алып отырған екен.
Екіншіден, сол “Достық” құбырында ең тиімді, ең жылдам және ең тез мұнай тасымалданатын. Бірақ көлемі көп емес, себебі мұнай 2023 жылдан бері тәжірибе ретінде тасымалданды ғой. Бұл – қосымша бағыт болатын. 2,5 миллион тонна мұнайды басқа да бағыттармен жеткізе аламыз. Қазақстанға айтарлықтай әсер етпейді. Бірақ қосымша әрі тиімді бағыт болғандықтан жақсы бағыт еді. Оның үстіне Германия ол бағыт бойынша жақсы баға ұсынатын, - дейді Жұмағұлов.
Ресей арқылы мұнайдың 95 пайызы экспортталады
Сарапшы Қазақстан үшін басты бағыт – Каспий құбыры консорциуымы екенін атап өтті. Ол арқылы Қазақстан 82 пайыз мұнай экспортын орындап отыр.
Болашақта одан да көп болады. Бастысы – КҚК тұрақты жұмыс істеп тұрса болды. Жалпы Ресей арқылы мұнайымыздың 95 пайызын экспорттаймыз. Ол Атырау – Самара арқылы, КҚК құбыры арқылы және Ақтау – Махачкалада танкерлермен жіберіп, әрі қарай Махачкаладан Новороссийск портына жетеді, - деп түсіндірді сарапшы.
Оның сөзінше, “Достық” бағытына қатысты жағдай Қазақстандағы мұнай өндіруге айтарлықтай әсер етпейді. Себебі бұл бағыт – тек қосымша бағыт.
Мұнай тасымалының көлемі өте аз болғандықтан, оларды басқа бағыттармен-ақ жібере аламыз. Бірақ Ресей тарапы Украина құбырларды құртты деген мәлімдеме жасай алмайды. Негізінен Украинаның “Достық” құбыры бастама алатын станцияларды шабуылдағаны дұрыс емес, - деп түйіндеді маман.
Бюджетке соққы бола ма?
Ал қаржыгер Расул Рысмамбетов Қазақстан мұнайының “Достық” бағытымен тасымалының тоқтауы ел экономикасына қысқа мерзімде ғана әсер ететінін, алайда бұл аса күрделі соққы болмайтынын айтты.
Оның сөзінше, Германия бағыты маңызды болғанымен, Қазақстанның бүкіл мұнай экспорты үшін жүйеқұраушы арна емес.
2025 жылы бұл бағыт арқылы бірнеше миллион тонна мұнай жөнелтілді. Ал КҚК арқылы ондаған миллион тонна тасымалданды, – деді сарапшы.
Ол Ресей тарапы экспорт басқа бағыттармен жалғасатынын айтып үлгергенін еске салды. Сарапшының пікірінше, егер мұнайды қайта бағыттау ұзақ кідіріссіз іске асса, бюджет пен ішкі жалпы өнімге қысқа мерзімді соққы аз болады.
Бюджетке басты қауіп – тоқтау емес, тәуекелдер
Расул Рысмамбетов бюджетке сезілетін әсер мұнай жеткізудің тоқтауынан емес, іркіліс қаупі мен бағаның арзандатылып сатылуынан туындайтынын айтты.
Оның бағалауынша, егер осы арнадағы жеткізу толық жоғалып, басқа бағыттармен өтелмесе, қазіргі көлемді есептегенде бұл да аса сындарлы жағдай болмас еді.
Жоғарғы шек бойынша бұл 1-2 млрд доллар деп бағалануы мүмкін. Бірақ мұнда есептеу тәсілі маңызды. Таза шығын бұдан аз болар еді, – деді ол.
Мұнай компаниялары үшін тәуекел жоғары
Сарапшы макроэкономикамен салыстырғанда мұнай компаниялары үшін қатер анағұрлым нақты екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұнда қымбат логистика, айналым қаражатының үзілуі және жеңілдікпен сату секілді шығындар тууы ықтимал.
Бұған ұқсас жағдайды біз КҚК төңірегінде де көрдік. Жалпы баламасыз ресейлік транзитке тәуелді тәуекелдер жиналып келеді, – деді Рысмамбетов.
Ол бұл жағдай жеке компаниялар мен мемлекеттік құрылымдарды ұзақ мерзімді шешім қабылдауға итермелеуі тиіс екенін жеткізді.
Инвесторлар қосымша тәуекелді есептейді
Қаржыгер мұндай жағдайлар мұнай-газ өндіру саласының инвестициялық тартымдылығына да әсер ететінін айтты.
Оның сөзінше, бағаның құбылуы қауіпті емес, ең үлкен мәселе – шикізатты сыртқа шығара алмау қаупі.
Егер мұнай экспортының 80 пайызы басқа ел аумағынан өтетін бір негізгі бағытқа тәуелді болса, ал балама дәліздердің қуаты шектеулі болса, онда Қазақстан экспорттық тұрғыдан осал нарық ретінде қабылданады, – деді сарапшы.
Сонымен қатар, ол бұл Қазақстанға инвестиция салуға болмайды деген сөз емес екенін айтты. Алайда инвесторлар табыстылық мөлшерлемесіне қосымша тәуекелдерді міндетті түрде енгізетінін жеткізді.
Расул Рысмамбетов Қазақстанда мұнай қоры әлі де мол екенін айтып, мұнай-химия жобалары инвестициялық күн тәртібіне өздігінен сұранып тұрғанын атап өтті.
Ең оқылған:
- 32 градус ыстық және нөсер жаңбыр: Алдағы күндерге арналған ауа райы болжамы
- TikTok-тағы әлек: Күйеуін қызғанған келіншекке жарты миллион теңге айыппұл салынды
- Астанадағы шулы видео: 6 жасар бала көшеге үйінен пышақ алып шыққан
- Арыққа құлаған адам өлімі: Нөсерлеткен жаңбыр Алматының әлсіз тұсын қалай әшкереледі?
- Күнтізбедегі жаңа күн: Арал, Әмудария және Сырдария – ынтымақтастықтың халықаралық жемісі
Сымбат Сатыбалдина